Ақтау халықаралық теңіз сауда портының бұрынғы басшысы Абай Түрікпенбаев пен оның қарамағында істеген қызметкерлер ірі көлемдегі алаяқтық пен лауазымын асыра пайдаланды деп айыпталып, прокурор оларды ұзақ жылға қамауды сұрады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Ақтау қаласында теңіз сауда портының бұрынғы президенті Абай Түрікпенбаевқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр, мемлекеттік айыптаушы оны орташа қауіпсіздік колониясында 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, экс-басшы қылмысқа жәрдемдесті, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айыппен сот алдында жауап беріп жатыр. Ал порттың коммерциялық жұмыс жөніндегі атқарушы директоры Ахмад Мұстафин алаяқтықтан бөлек жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарлар дериваттарын ірі көлемде заңсыз айналымға шығарды деп айыпталып отыр, прокурор оған да 8 жыл түрме жазасын беруді талап етті.
Бұл іс бойынша жауапқа тартылып жатқан өзге екі қызметкер Нұркен Мақсат пен Бақытбек Бақтыбаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылып, олардың әрқайсысын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 1 жылға бас бостандығынан айыру ұсынылды. Сонымен қатар іске қатысы бар айыпталушылардың барлығы теңіз портының пайдасына 1,8 млн теңгеден қайтаруы тиіс.
Осыған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен порт басшысы 2025 жылдың көктемінде ұсталғанын мәлімдеген болатын. Айта кетейік, Түрікпенбаев 2017 жылдан бері басқарған Ақтау порты арқылы жыл сайын 3,5 млн тоннадан астам мұнай, астық, металл және басқа да экспорттық жүктер тасымалданады.