Қоғам

Назарбаевтар әулетінің ауыр күндері: Сара апамыздың денсаулығына не себепті нұқсан келді

Назарбаевтар әулетінің ауыр күндері: Сара апамыздың денсаулығына не себепті нұқсан келді

Назарбаевтар әулетіне жақын жүретін дінтанушы әрі қоғам қайраткері Бейбіт Сапаралы көпшілік көзінен таса болған Сара Назарбаева туралы тың мәліметтермен бөлісті. Ол бұл сөздерін "Sadaq" медиа агенттігінің "Дүрбі" бағдарламасында айтты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Бүгінде сексен беске келген экс-бірінші ханым аман-есен. Ол соңғы он жыл көлемінде жұрт алдына шығуды толықтай тоқтатты. Дінтанушы мұның басты себебін әулет басына түскен ауыр сынақтармен байланыстырады. Бір кездері іргесі берік отбасы шаңырағының шайқалуы ана жүрегіне қатты батқан. Немересі Айсұлтанның мезгілсіз қазасы мен Рахат пен Дариғаның айналасындағы даулы оқиғалар оған оңай тимегені анық. Кімнің хақ, кімнің кінәлі екеніне қарамастан ол бәріне жаны ашитын мейірімді әйел.

Отбасылық қайғы-қасірет оның денсаулығына елеулі нұқсан келтірген. Көмекшілердің сөзіне сүйенсек ол бірде өте қатты науқастаныпты. Тіпті ақ халаттылар оның өмірінен күдер үзіп, жамандыққа дайындалған. Дәл осы қиын сәтте Нұрсұлтан Назарбаев арнайы ұшып келіп науқастың жанында тапжылмай үш күн отырған екен.

Бейбіт Сапаралы бұл дертті кәдімгі ауру емес рухани кесел деп бағалайды. Оған балаларының бұлыңғыр тағдыры мен әулеттің құлдырауы тікелей әсер еткен. Сонымен қатар дінтанушы ханымның сырқаттануына өзі сәнге айналдырған мұздай суға түсу дәстүрі де себеп болғанын жасырмады. Ол кезінде бұл іс-әрекетті қатаң сынап, сын пікірлері Елбасының құлағына да жеткен екен. Алайда тоқсаныншы жылдардың ортасында Сара Назарбаева бұл әдетті қызық көріп, оған жұбайын да баулыған.

Бұл істің діни астары мүлдем басқа. Тас төбеден суық су құю діндегі ғұсыл амалына жатпайды, керісінше тәнге кесел жинайды. Адам Жаратушыдан шипа сұраудың орнына орыс немесе украин ұлтының ескі нанымдарына сүйенген. Спикер мұны тікелей ширк амалына теңеп отыр. Оның пікірінше осындай қате сенімдер мен жиналған күнәлар ақыр соңында ауыр рухани дертке алып келген.

Барлық жаңалық