Өзбекстанның екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Джалолов кезекті жекпе-жегін өткізеді. "Спорт Шредингера" басылымының мәліметіне сүйенсек боксшы 9 мамыр күні Англияның Манчестер қаласында шаршы алаңға шығады. Оның бұл жолғы қарсыласы хорватиялық Агрон Смакичи болмақ. Спортшылардың жекпе-жек алдындағы суреттері мен мәліметтері Баходирдің жеке Instagram парақшасында және Queensberry компаниясының аккаунтында жарияланды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Манчестердегі бокс кешінің басты оқиғасы британиялықтар Фабио Уордли мен Дэниел Дюбуа арасында өтеді. Олар ауыр салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салады.
Джалоловпен жұдырықтасатын Агрон Смакичи спорт әлемінде қызық оқиғамен танылған. Кезінде ол Тайсон Фьюридің қабағын жарып жіберіп атышулы британиялық пен украиндық Александр Усиктің супер кездесуі кейінге шегерілген еді. Қазақстандық жанкүйерлер хорват боксшысын өте жақсы таниды. Ол Германияда өткен кездесуде қостанайлық Жан Кособуцкийден жеңіліс тапқан. Сол кезде сарапшылар Смакичиді айқын фаворит санаған болатын.
Қазіргі таңда Баходир Джалоловтың қоржынында 17 жеңіс бар. Оның он бесін нокаутпен аяқтаған. Жеңіліп көрмеген өзбек спортшысы Фрэнк Уорреннің қарамағындағы Queensberry Promotions атынан Тұманды Альбионда алғаш рет өнер көрсетеді. Бұл кездесу "Үлкен өзбек" үшін өте маңызды қадам. Ол қазірдің өзінде WBC, WBO және IBF тұжырымдары бойынша үздік ондыққа кіреді. Еуропалық мықты ауыр салмақ иесін жеңу оны әлем чемпионы атағына міндетті үміткер мәртебесіне жақындата түседі. Әуесқой бокста екі рет алтын алғаннан кейін жанкүйерлер одан кәсіпқой рингте үлкен серпіліс күтеді. Смакичи оның жойқын күшін көрсететін таптырмас мүмкіндік.
Хорватиялық спортшының еншісінде 21 жеңіс бар. Оның үшеуі нокаутпен аяқталса тағы үш мәрте қарсыластарына жол берген. Екі боксшының да соңғы жекпе-жектері былтыр күзде өтті. 31 жастағы Баходир қараша айында Ташкентте өнер көрсетіп нигериялық Соломон Адебайоны төртінші раундта мерзімінен бұрын тізе бүктірді. Ал Смакичи қазан айында ресейлік Артём Сусленковтан ерте жеңіліп қалған еді.