Қоғам

Астанада Пайғамбар мұражайы ашылады

Астанада Пайғамбар мұражайы ашылады

Қазақстан астанасында Орталық Азия елдері арасында бірінші болып Пайғамбар мұражайын ашу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Сыртқы істер министрлігі Мекке мен Мәдинаға барған қазақстандық қажылар үшін жаңа мәдени мүмкіндіктер жасалып жатқанын мәлімдеді.

Осы орайда Қазақстанның Жидда қаласындағы бас консулы Руслан Қоспанов Меккедегі Абрадж әл-Бейт кешенінде орналасқан Пайғамбар мұражайына арнайы барып, оның жұмысын жүргізетін «Al-Salam Company» мекемесінің бас менеджері Файез Кансармен кездесті.

Жиын барысында бас консул Дүниежүзілік мұсылман лигасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының келісімімен Астана қаласында жаңа Пайғамбар мұражайын ашу ісі қолға алынғанын айтты. Өз кезегінде Файез Кансар бұл бастаманы жоғары бағалап, екіжақты байланысты әрі қарай нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында Қазақстанның бас консулдығы мен «Al-Salam Company» арасында өзара түсіністік меморандумына қол қойылды. Осылайша Қазақстан аталған мұражаймен ресми келісім жасасқан алғашқы шет мемлекет атанды.

Бұл құжатқа сәйкес қазақстандық азаматтарға Мекке мен Мәдинадағы Пайғамбар мұражайларына кіру билеттеріне арнайы жеңілдіктер беріледі. Жеңілдік бағдарламасы әзірге белгілі бір мерзімге қойылғанымен, тараптардың қалауымен келешекте ұзартылуы мүмкін. Екі жақ қазақстандықтардың Сауд Арабиясына сапары кезінде көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, мәдени-ағартушылық бағыттағы жұмыстарды бірлесіп жалғастыруға келісті.

Барлық жаңалық