Астанада әлеуметтік желіге тренд түсіреміз деп қоғамдық орында алкогольді ішімдік шашқан екі қыз жауапқа тартылып, іс материалдары сотқа жөнелтілді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Елордалық полиция департаменті қоғамдық орындарды ластағаны үшін екі бойжеткеннің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Олар қандай да бір қуанышты оқиғаны атап өту мақсатында шампан шашып, желідегі танымал трендтердің бірін бейнежазбаға түсірмек болған.
«Елордада "Бәйтерек" монументінің жанында қала тұрғыны алкогольді ішімдік бөтелкесін ашып, оның ішіндегісін шашып, аумақты ластаған. Ал екінші жағдайда бойжеткен орындықта отырып сусынды әдейі төгіп, қоғамдық кеңістіктің тазалығын бұзған», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Тәртіп бұзған қыздарға қатысты жиналған материалдар сотқа жіберілді. Осы орайда тәртіп сақшылары тұрғындарға арнайы ескерту жасап, мұндай іс-әрекеттердің заңға қайшы екенін еске салды.
«Мұндай мінез-құлыққа жол берілмейтінін ескертеміз. Бұл тек заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар айналадағы адамдарға, коммуналдық қызмет жұмысшыларының еңбегіне және елорда тұрғындарына құрметсіздік таныту болып саналады, сондықтан мұндай құқық бұзушылықтардың жолы кесілетін болады», – деп мәлімдеді тәртіп сақшылары.