Қоғам

Аймағанова зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін электрондық бақылау жүйесін енгізуді ұсынды

Аймағанова зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін электрондық бақылау жүйесін енгізуді ұсынды

«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Айжан Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын іске қосуды ұсынды. Бұл туралы ол Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Депутаттың сөзінше, соңғы жылдары әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында бірқатар шара қабылданып, жауапкершілік күшейтілген. Алайда қайғылы оқиғалар әлі де жалғасып келеді.

Ол мысал ретінде биыл 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованың пышақ жарақатынан қаза тапқанын және 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауваның бұрынғы жұбайының қолынан көз жұмғанын атады.

«Қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді?» – деп сұрады депутат.

Айжан Аймағанованың пікірінше, Қазақстанда мұндай жағдайлардың алдын алуға қажетті құқықтық және цифрлық құралдар бар. Сондықтан жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың орнына, қолданыстағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет.

Осыған байланысты депутат Ішкі істер министрлігіне үш ұсыныс жасады. Біріншіден, жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізу қажет. Екіншіден, қауіп туралы сигнал түскен кезде полиция қызметкерлері қандай әрекет жасауы керектігін белгілейтін бірыңғай міндетті алгоритм бекіту керек.

Үшіншіден, әрбір қауіп сигналы мен оған байланысты қабылданған шараларды цифрлық жүйеде автоматты түрде тіркеу ұсынылды. Бұл әрбір сигнал бойынша кімнің, қашан және қандай әрекет жасағанын бақылауға мүмкіндік береді.

Депутат мұндай тәжірибе Франция сияқты шет мемлекеттерде қолданылатынын атап өтті.

«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру үшін қолда бар құқықтық және цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланып, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, оның алдын алуымыз керек», – деді Айжан Аймағанова.

Барлық жаңалық