Қазақстандық кәсіпкер, Петропавлдың «Қызылжар» футбол клубының қазіргі иесі Сергей Кан Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) атқару комитетінің жаңа мүшесі болуы мүмкін. Бұл туралы amanvibe.kz сайтына сілтеме жасап, Ozgeris.info хабарлайды.
Ақпаратқа сәйкес, Сергей Кан өз еркімен атқару комитетінен кететін Нұрсұлтан Құрманның орнын басады. Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Нұрсұлтан Құрман алдағы уақытта Қазақстанның футзалдан ұлттық құрамасымен жұмыс істеуге басымдық беруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда ұлттық құраманы Какау жаттықтырады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуінде Беларусь құрамасын сенімді түрде жеңген болатын.
Сергей Кан ҚФФ атқару комитетіндегі ірі кәсіпкерлердің қатарына қосылмақ. Бұған дейін федерацияның атқарушы органына Тимур Турлов, Қайрат Боранбаев және Михаил Ломтадзе енген еді.
Forbes журналының соңғы рейтингіне сәйкес, 58 жастағы Сергей Кан Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері тізімінде 23-орынға жайғасқан. Осылайша, Сергей Канның ҚФФ атқару комитетіне қосылуы федерация басшылығындағы ірі бизнес өкілдерінің қатарын толықтырмақ. Алайда оның тағайындалуы туралы ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.