Қоғам

Ресейге тыңшылық жасады деп айыпталған Қазақстан шенеунігі Польша түрмесінен босатылды

Ресейге тыңшылық жасады деп айыпталған Қазақстан шенеунігі Польша түрмесінен босатылды

Польшада Ресейдің пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен қамалған Қазақстанның әскери қызметкері Әнуар Бақыбай Польша мен Беларусь арасындағы тұтқын алмасу шарасы кезінде елге қайтарылды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Бір жылға жуық уақытқа созылған халықаралық келіссөздердің нәтижесінде 28 сәуір күні Польша мен Беларусь шекарасында беске бес форматында тұтқындар алмастырылды. Бұл келісім аясында Беларусь тарапы журналист Анджей Почобут пен католик монахы Гжегож Гавельді босатса, Польша билігі Молдовада мемлекетке опасыздық жасады деп сотталған Александр Баланд пен ресейлік археолог Александр Бутягинді қарсы бетке тапсырған.

Ресми құжаттарда Украинадағы Қазақстан елшілігінде әскери атташенің көмекшісі қызметін атқарады деп көрсетілген Әнуар Бақыбай 2025 жылдың жазында Польшаның Быдгощ қаласында қолға түскен болатын. Киевке тікелей әуе қатынасы болмағандықтан дипломаттар көршілес Польша арқылы жүріп-тұруға мәжбүр болған, ал Бақыбайдың дипломатиялық құқығы тек Украина аумағында ғана жарамды болғандықтан поляк билігі оны еш кедергісіз қамауға алған. Польшаның барлау қызметінің мәліметінше ол дипломатиялық қызметті жамылып, НАТО мен жергілікті әскери құрылымдардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін аса маңызды ақпараттарды жинаумен айналысқан.

Ресейдегі әскери академияны тәмамдаған 30-35 жас шамасындағы күдіктінің екі баласы бар, ал оның туған ағасы Бақытжан Кисентаев Украинадағы Қазақстан елшілігінің әскери атташесі болып жұмыс істейді. Бұл оқиға үлкен халықаралық дау-дамай тудырып, қазақстандық азаматтық қоғам өкілдері Еуропалық Парламент пен Еуропа Кеңесіне арнайы үндеу жолдап, бұл жағдайды отандық барлау қызметінің Кремльге кіріптарлығының айқын көрінісі ретінде бағалады.

Осы мәселеге қатысты Қорғаныс министрлігі Бақыбайдың Қарулы Күштер қатарында қызмет ететінін растағанымен өзге егжей-тегжейлі мәліметтерді жариялаған жоқ. Ал Сыртқы істер министрлігі Варшавадағы елшілік құзырлы поляк билігімен тұрақты байланыста екенін мәлімдесе, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл іс бойынша ешқандай ақпаратқа ие еместігін жеткізді.

Барлық жаңалық