Елордадағы жекеменшік тіс емханаларының бірінде 20 жастағы жігіт дәрігердің салған екпесінен кейін қайтыс болды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл жағдай туралы «Threads» желісінде Әсел Айжанова есімді қолданушы жариялап, Мұрат есімді жігіттің өліміне медициналық қателік себеп болуы мүмкін екенін жеткізді.
«Астана қаласы, Кенесары 65 мекенжайындағы «Tem Dent» стоматологиясында Есболған Мұрат Жеңісханұлы жан тапсырды. Айтуларынша, стоматолог аллергопроба жасамай дәрі еккен. Дәріден кейін Мұратты судорога ұстап, жағдайы қиындаған. Соған қарамастан екінші рет тағы да укол салынған. Сол сәтте Мұрат жан тапсырған. Ең қорқыныштысы — уколды АЛЛЕРГОПРОБАСЫЗ практикант салғаны айтылып жатыр. Стоматолог толық бақылау жасамаған. Жақындары әділдік іздеп жүр. Бірақ РОВД бұл істі дұрыс қарамай отыр. Ата-анасына тек 23:37-де хабарласқан, ал оқиға шамамен 21:00–21:30 аралығында болған», – деп жазды желі қолданушысы.
Осы оқиғаға байланысты Астана қаласының полиция департаменті жігіттің стоматологиялық орталықта көз жұмғанын растап, ресми тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Елорданың 20 жастағы тұрғынының өліміне қатысты Астана қаласының полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Қазіргі уақытта тергеу іс-шараларының кешені тағайындалды, оның қорытындысы бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.