Қазақстанда кредит картасын қолдану күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Дүкенде төлем жасау, онлайн сатып алу, түрлі қызметтерге ақы төлеу кезінде көпшілік дәл осы құралға жүгінеді. Көп адам кредит картасын өз ақшасындай пайдаланады. Алайда белгілі бір уақыттан кейін банк есеп шығарып, төленетін сома күткеннен әлдеқайда көп болып жатады. Мұның себебі неде? Неге кейбіреулер картадан пайда көрсе, енді бірі артық ақша төлейді?
Finratings.kz мәліметінше, кредит картасы шын мәнінде пайызсыз пайдаланылуы мүмкін. Бірақ бұл тек белгілі бір шарттар орындалғанда ғана жүзеге асады. Ең бастысы – жеңілдікті кезең деп аталатын уақытты сақтай білу. Бұл – банк клиентке қарызды пайызсыз қайтаруға беретін мерзім. Егер осы уақыт ішінде қарыз толық өтелсе, ешқандай қосымша төлем болмайды. Ал егер бір күнге болса да кешігу орын алса, пайыз бүкіл қарыз сомасына есептеле бастайды. Көп жағдайда пайдаланушылар дәл осы жерде қателеседі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де негізгі мәселе уақыт тәртібін сақтамаудан туындайтынын атап өтеді.
«Көп жағдайда адамдар жеңілдікті кезеңге үлгермейді. Соның салдарынан пайыздар бүкіл қарызға есептеледі. Кейде бұл бір күн кешігуге байланысты да болуы мүмкін. Нәтижесінде пайдаланушы бастапқыда күткен сомадан әлдеқайда көп төлейді», деп түсіндіреді мамандар.
Яғни мәселе пайыздың жоғары немесе төмен болуында емес, уақытты бақылауда жатыр. Бірақ көпшілік біле бермейтін тағы бір маңызды жайт бар. Кредит картасымен жасалатын барлық операция бірдей шартпен есептелмейді. Мысалы, дүкенде немесе интернетте төлем жасағанда жеңілдікті кезең жұмыс істейді. Ал қолма-қол ақша шешкенде немесе басқа картаға аударым жасағанда бұл мүмкіндік көбіне қолданылмайды. Мұндай жағдайда пайыз бірден есептеле бастайды. Сондықтан сырт көзге ыңғайлы көрінетін әрекет ең қымбат операцияға айналуы мүмкін.
«Мұндай операцияларда жеңілдікті кезең әдетте жұмыс істемейді, пайыздар бірден қосылады. Соның салдарынан ыңғайлы көрінген шешім ең қымбатқа түседі», деп ескертеді агенттік.
Демек кредит картасын тек төлем құралы ретінде пайдалану тиімді, ал қолма-қол ақша алу немесе аударым жасау қосымша шығынға алып келеді. Банктердің кэшбэк, бонус, жеңілдік сияқты ұсыныстары да көпшілікті қызықтырады. Шын мәнінде бұл мүмкіндіктер бар және тиімді болуы мүмкін. Бірақ олар тек бір жағдайда ғана пайда әкеледі – қарыз уақытында толық өтелгенде. Егер мерзім сақталмаса, алынған бонус пен кэшбэк есептелген пайыздың жанында мардымсыз болып қалады.
Тағы бір маңызды мәселе – қауіпсіздік. Қазіргі таңда карта деректерінің ұрлануы жиі кездеседі. Егер ақпарат үшінші тұлғалардың қолына түссе, қаражат қысқа уақытта шешіліп кетуі мүмкін. Сондықтан банктер клиенттерге міндетті түрде хабарлама қызметін қосуды, күмәнді жағдай туындаса картаны дереу бұғаттауды ұсынады. Бұл қарапайым әрекеттер қаржыны сақтаудың ең тиімді жолы саналады.
Жалпы алғанда, кредит картасы – қосымша табыс көзі емес, қысқа мерзімді қарыз. Ол не тегін, не қымбат болады. Бұл екі жағдайдың қайсысы орын алатыны пайдаланушының қаржылық тәртібіне байланысты. Егер адам тек қолма-қол емес төлем жасап, мерзімді бақылап отырса, карта шығынды азайтуға көмектеседі. Ал керісінше жағдайда, ол артық төлемге әкеледі.