Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында болған ірі өрттен кейін орман өрттерін ерте анықтауға арналған жүйенің тиімділігіне қатысты жаңа сұрақтар туындады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
BES.media басылымы Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы қорытындысына сілтеме жасап, «Семей орманына» енгізілген ерте анықтау жүйесі сынақ кезінде уәде етілген сипаттамаларды растай алмағанын хабарлады.
Мәліметтерге сүйенсек, жүйе өрт ошақтарын уақытылы әрі дәл анықтай алмаған. Әсіресе түнгі уақытта түтінді кеш тіркеген, сондай-ақ өрттің нақты координаттарын көрсету бойынша да кемшіліктер бар болып шықты. Осыдан кейін «Семей орманы» резерваты мен «Қазақтелеком» АҚ арасында сот дауы басталған.
2025 жылы бұл жобаға жалпы құны 3,1 млрд теңге болатын келісімшарт аясында 937,2 млн теңге аванс төленген. Алайда сынақ нәтижелерінен кейін жобаны әрі қарай қаржыландыру тоқтатылып, игерілмеген шамамен 2,2 млрд теңге республикалық бюджетке қайтарылған.
Бір қызығы, дәл осы жүйе бір жыл бұрын үлкен үмітпен таныстырылған еді. 2025 жылы «Семей орманы» резерватында 37 мұнараға арнайы камералар орнатылып, олар 650 мың гектар орман алқабын толық қамтитыны айтылған. Жобаның таныстырылымына «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин мен Экология министрі Ерлан Нысанбаев қатысқан.
Сол кезде Бағдат Мусин жүйе тәулік бойы жұмыс істейтінін және түтіннің қою-сұйығына қарамастан анықтай алатынын нық сеніммен айтқан еді.
«Егер монитор алдында отырған оператор күмәнданса, сол жерге дрон жібере алады. Дрон автоматты түрде де ұшады. Оператор тек координаттарды енгізсе жеткілікті», – деген болатын ол.
Ал Экология министрі Ерлан Нысанбаев бұл жүйе 24 табиғат қорғау мекемесіне енгізіліп, 5,5 млн гектар аумақты қамтитынын айтып, оның тиімділігі жаз мезгілінде көрінетінін жеткізген.
Алайда биылғы аудит қорытындысы бұл үміттің ақталмағанын көрсетті. Жоғары аудиторлық палата 2023–2025 жылдарға жүргізілген талдау нәтижесінде Қазақстандағы орман өрттерінің алдын алу және сөндіру жүйесі ірі өрттердің тұрақты түрде алдын алуға қауқарсыз деген қорытынды жасаған. Бұған профилактикалық жұмыстардың әлсіздігі, өртті ерте анықтау жүйесінің жеткіліксіз тиімділігі және орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасының әлсіздігі себеп ретінде көрсетілген.
Еске салайық, 16 шілдеде Абай облысындағы «Семей орманы» аумағында ірі орман өрті шықты. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, орман шаруашылығы қызметкерлері, полиция және авиация жұмылдырылды. Сонымен қатар жақын маңдағы DosbolLike балалар лагерінен 190 бала мен 20 қызметкер эвакуацияланды.
18 шілдеде өрт оқшауланғанымен, кейін NASA FIRMS мониторинг жүйесінің деректеріне сәйкес, тілсіз жау шарпыған аумақ алдын ала жарияланған 370 гектар емес, шамамен 1 676 гектарды құрағаны белгілі болды. Бүгінде қоғамда басты сұрақтардың бірі – миллиардтаған теңге жұмсалған және ең кішкентай түтінді де анықтайды делінген жүйе неге нақты өрт кезінде күткен нәтижені көрсете алмады деген мәселе болып отыр.