Айтыскер ақын, психолог әрі қоғам белсендісі Мұхамеджан Тазабек әке орнына әке болған ағасы Бақытжанның 70 жасқа толуына орай әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды ozgeris.info.
Мұхамеджан Тазабектің айтуынша, әкесі өмірден өткеннен кейін анасы қазақтың әмеңгерлік дәстүрімен марқұмның туған інісі Бақытжанға тұрмысқа шыққан.
«Бүгін әке орнындағы әкем, анамның жары, немерелерінің атасы, шөберелерінің бабасы – Бақытжан тәтем 70 жасқа толып отыр. Әкем дүниеден өткен соң, үлкендердің ұйғарымымен, екі жақтың келісімімен анам екеуі шаңырақ көтерді. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт бойы бізге әке болып, әулетіміздің тірегіне айналды», – деп жазды ол.
Сондай-ақ қоғам белсендісі Бақытжан ақсақалдың өзін де, бауырларын да ешқашан алаламай, барлығына бірдей қамқорлық танытқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Бақытжан ақсақал ұл-қызынан, немере-шөбересінен өрбіген үлкен әулеттің ақсақалына айналған.
Жазба соңында Мұхамеджан Тазабек ағасына ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеп, ата-анасының ұрпақтарының қызығын көре беруіне ақ тілегін жеткізді.