Жаңалықтар

Несиеден қиналған ерлі-зайыпты өз сәбилерін сатып жібермек болған

Несиеден қиналған ерлі-зайыпты өз сәбилерін сатып жібермек болған

Өзбекстанның Ферғана облысында өз сәбиін сатуға әрекеттенген ерлі-зайыпты бес жылға бас бостандығынан айырылды. Тиісті үкімді Ферғана қалалық қылмыстық істер жөніндегі соты шығарды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Тергеу мәліметінше, ерлі-зайыпты 2024 жылдың қазан айында танысып, бұл туралы туыстарына айтпастан некеге тұрған. Отбасылық өмір барысында олардың арасында жиі жанжал болып тұрған. 2025 жылдың қазанында олардың ұлы дүниеге келген. Сол кезде сәбидің анасы әлі 20 жасқа толмаған.

Іс материалдарына сәйкес, ер адам жұмыс іздеп Ферғана қаласына көшіп барған. Кейіннен жұбайы мен баласын да сонда көшірген. Алайда отбасы қаржылық қиындыққа тап болып, жиналған несиелерін өтеу үшін өз балаларын сатуға бел буған.

Сот барысында әйел алынған ақшаны қарыздарын жабуға және кейін Түркияға жұмыс істеуге баруға жұмсауды жоспарлағанын айтқан. Оның сөзінше, күйеуі алғашында бұл ұсынысқа қарсы болғанымен, кейін келісімін берген.

Сот ерлі-зайыптыны Өзбекстан Қылмыстық кодексінің «Адам саудасы» бабымен кінәлі деп танып, әрқайсысына бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Ал сәбидің алдағы тағдыры Қоқан қаласындағы «Инсон» әлеуметтік қорғау агенттігінің құзырлы бөлімшелерінің қарауына берілді.

Барлық жаңалық