Жаңалықтар

Балтамен ұрып, мәйітті өртеп жіберген: Кеген ауданында табылған полицей өлімінің сұмдық сыры ашылды

Балтамен ұрып, мәйітті өртеп жіберген: Кеген ауданында табылған полицей өлімінің сұмдық сыры ашылды

Алматы облысының Кеген ауданында өртелген мәйіт табылды. Бұл жантүршігерлік оқиға қоғамды дүр сілкіндірді деп хабарлайды ozgeris.info сайты politico.kz сайтына сілтеп.

Марқұм 1988 жылы туған 37 жастағы Аслан Альсеров болып шықты. Ол 2007 жылдан бері ішкі істер органдарында еңбек еткен. Былтырғы тамыз айынан бастап Әуезов аудандық полиция басқармасында аға жедел уәкіл қызметін атқарды. Қанды қылмысқа оның 1989 жылы туған жұбайы Арайлым Альсерова мен кәмелетке толмаған балалары күдікке ілініп отыр. Әйелдің өзі де бұрын полицияда жұмыс істеген. Ол биылғы ақпан айында өз еркімен қызметтен кеткен екен. Ерлі-зайыпты жеті бала тәрбиелеп келген. Оның екеуі асырап алынған.

Қайғылы жағдай 22 маусым түні Алматы қаласындағы Бұқар Жырау көшесіндегі пәтерде болды. Түнгі сағат он екілер шамасында жұмыстан оралған отағасы қырынуға арналған ұстара таба алмай жанжал шығарады. Ұрыс ушығып кеткен сәтте үйдегі жасөспірімдер араша түсуге тырысады. Олардың қатарында 15 жастағы туған ұлы мен дәл сол жастағы асырап алған баласы бар. Сонымен қатар сол күні қонаққа келген 14 жастағы достары да оқиғаның куәгері атанды.

Ер адам ашуын баса алмай түнгі сағат екілер шамасында айқайды қайта жалғастырады. Сол кезде туған ұлы асүйден балта әкеліп әкесінің шүйдесінен ұрған. Қатты соққыдан есінен танып құлаған Асланның қолы мен аяғын әйелі кір жаятын жіппен мықтап байлайды. Содан соң жіптің екі ұшын екі ұлына беріп тартқызып күйеуін қылқындыра бастайды.

Ер адам жан тапсырған соң күдіктілер марқұмның басына қара пакет кигізеді. Денесін көрпеге орап өздеріне тиесілі көліктің жүк салғышына жасырады. Олар түнімен Кеген ауданына қарай жол тартады. Жол-жөнекей жанармай құю бекетінен 38 литр бензин сатып алады. Келесі күні тасжол маңындағы таулы аймақта мәйітті өртеп жібереді. Маусымның жиырма үші күні мал іздеп жүрген жергілікті бақташы күйік шалған денені көріп бірден тәртіп сақшыларына хабар берген.

Тергеу кезінде марқұмның әйелі мен үш жасөспірім жасаған істерін толық мойындады. Күдіктілер отағасының ұзақ уақыт бойы отбасына физикалық және моральдық қысым көрсеткенін жеткізді. Ер адамның үнемі қол көтеріп келгені тәркіленген ұялы телефондардағы бейнежазбалар арқылы расталды. Бірақ бұған дейін отбасы мүшелері құқық қорғау органдарына ешқандай шағым түсірмеген.

Қазіргі таңда пәтерден қылмысқа тікелей қатысы бар балта мен пышақтар табылды. Басқа да маңызды айғақ заттар алынды. Бұл іс "топ болып алдын ала сөз байласу арқылы ерекше қатыгездікпен адам өлтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр. Күдіктілер Талғар аудандық полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Барлық жаңалық