Бес баланың анасы Жанна Маратқызы Жаңақұлова қоғам мен сот жүйесінің өкілдерінен араша сұрайды. Ол 20 жыл отасқан бұрынғы күйеуі Жұмабек Еселбекұлы Жаңақұловпен соттасып жатыр. Отбасының шырқы бұзылуына отағасының тоқалдар алуы мен көзге шөп салуы тікелей себеп болған. Барлық перзенттер осы заңды некеде дүниеге келген, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қазіргі уақытта Алматы қаласының ювеналды сотында үлкен процесс жүріп жатыр. Негізгі дау неке шарты мен алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану төңірегінде өрбіді. Жиырма жыл ішінде мүлік бөлісу немесе шарт жасасу мәселесі мүлдем көтерілмеген. Құжат пен дүниеге талас ер адамның өмірінде жаңа әйел пайда болып ажырасуға шешім қабылдаған сәтте ғана алдынан шыққан.
Маусым айының 24 жұлдызында кезекті сот отырысы өтті. Алайда судья шағымданушы тараптың бірде-бір өтінішін қанағаттандырмады. Соның ішінде жауапкердің кірісіне қатысты өте маңызды құжаттар бар еді. Салық басқармасынан алынған ресми жауапқа сәйкес "Қаражал Оперейтинг" деп аталатын тек бір ғана компанияның соңғы үш жылдағы табысы жиырма миллиард теңгеден асқан. Жұмабек Жаңақұловқа дәл осындай он сегіз кәсіпорын тиесілі.
Судья бұл қыруар қаржы туралы деректерге мүлдем назар аудармаған. Осы әрекеттен кейін адвокат істі қарап отырған судьяға тікелей қарсылық білдірді. Жанна Маратқызы бұрынғы жұбайының әкімшілік және материалдық ықпалы өте зор екенін жақсы біледі. Ол байлығын сақтап қалу үшін кез келген қадамға баруы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан әділдік іздеген ана бұл істің қатаң бақылауда болып соттың объективті өтуін талап етеді.