Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарған Ерсайын Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұған дейін төрт жылға жуық ҚТЖ жүйесінде еңбек еткен ол компанияға күрделі кезеңде оралып отыр. Жаңа басшының алдында ұлттық компанияның тиімділігін арттыру, басқару жүйесін ретке келтіру, қоғам сенімін нығайту және Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңейту міндеті тұр.
24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ерсайын Нағаспаевты Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатты. Араға көп уақыт салмай, «Самұрық-Қазына» қорының басқармасы оны «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы етіп тағайындады. Бір күн бұрын ғана Нағаспаев Құрылтайда өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны туралы баяндап, алдағы жылға арналған жоспарды таныстырған еді.
Дипломатиядан ұлттық компания басшылығына дейін
Ерсайын Қайырғазыұлы Нағаспаев 1980 жылғы 28 шілдеде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оның еңбек жолы мемлекеттік басқару, дипломатия, көлік-логистика және өнеркәсіп саласымен тығыз байланысты.
Еңбек жолын 2001 жылы Теміртау қаласы әкімінің аппаратында жетекші маман болып бастаған. Кейін Инвестициялар комитетінде, Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарған. 2003–2006 жылдары Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде атташе, үшінші хатшы болса, 2006–2007 жылдары Көлік және коммуникация министрлігінің көлік саясаты және халықаралық ынтымақтастық департаментінде еңбек еткен.
2007–2009 жылдары Ақтау халықаралық теңіз сауда порты басшысының орынбасары әрі аппарат басшысы болған. 2011 жылы, 30 жасында Шахтинск қаласының әкімі атанды. Екі жылдан кейін Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметіне ауысты. Сондай-ақ «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы болды. 2016–2020 жылдары жеке секторда, «Новострой Астана» компаниясында стратегиялық даму жөніндегі директордың орынбасары болып жұмыс істеді.
Нағаспаевтың еңбек жолындағы ерекшелік – экономиканың бір ғана саласымен шектелмеуі. Дипломатиялық қызмет, халықаралық экономикалық қатынас, инвестиция тарту, өңірлік басқару және көлік инфрақұрылымы бойынша жинаған тәжірибесі қазіргі қызметінде де қажет болмақ. Өйткені ҚТЖ бүгінде ішкі тасымалды қамтамасыз ететін компания ғана емес, Қазақстанның халықаралық экономикалық байланысында маңызды орын алатын стратегиялық кәсіпорын.
ҚТЖ-ға төрт жылдық тәжірибемен оралды
Ерсайын Нағаспаев үшін теміржол саласы таңсық емес. Ол 2021 жылғы сәуірде ҚТЖ-ның қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директоры болып тағайындалды. 2022 жылғы қаңтардан бастап жаңа жобалар жөніндегі басқарушы директор қызметін атқарды. Ұлттық компанияда 2025 жылғы ақпанда министр болып тағайындалғанға дейін еңбек етті.
Оның ҚТЖ-да жұмыс істеген кезеңі Қазақстанның көлік-логистика саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобаның қолға алынуымен тұспа-тұс келді. Елде теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру, Қытаймен шекарадағы жүк тасымалын кеңейту, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жұмысы қарқын алды.
Жаңа жобалар бағытын басқарған Нағаспаевтың компанияның ішкі құрылымымен, инфрақұрылымдық жоспарымен және инвестициялық саясатымен бұрыннан таныс болуы қазіргі жағдайда маңызды.
Әдетте ірі кәсіпорынға сырттан келген басшыға компанияның жұмыс тәртібімен танысу, қордаланған мәселені анықтау және басқару жүйесін бағалау үшін уақыт қажет. Ал Нағаспаев ұлттық компанияның басшылық құрамында төрт жылға жуық жұмыс істеген. Сондықтан одан ұзақ бейімделу кезеңі емес, нақты шешім күтіледі.
Сонымен бірге компанияны іштен білу жаңа басшыға қосымша жауапкершілік жүктейді. Бұрыннан таныс басқару жүйесінің тиімді тұсын сақтап, кемшілігін анықтау және қажет болған жағдайда қалыптасқан жұмыс тәртібін өзгерту де оның міндетіне кіреді.
Министр ретіндегі қызметі
Нағаспаев 2025 жылғы 28 ақпанда Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте осы қызметке қайта бекітілді. Министрлікті бір жыл тоғыз айға жуық басқарды.
Оның министр ретіндегі соңғы жұмыс күні қарсаңында, 23 қарашада Құрылтайда өңдеу өнеркәсібінің дамуына арналған Үкімет сағаты өтті.
Сол жиында келтірілген дерекке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы он айында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,3 пайызға артқан. Бұл соңғы 25 жылдағы ең жоғары өсім ретінде көрсетілді. Нағаспаев 2029 жылға қарай мыс, алюминий және мырыш өңдеу көлемін екі есе арттыру жоспары туралы да баяндады.
Тұтас саланың экономикалық көрсеткішін бір министрдің жеке еңбегі ретінде бағалау дұрыс болмас еді. Дегенмен оның өнеркәсіптегі тәжірибесінің теміржол саласына тікелей қатысы бар.
Қазақстанда локомотив, жолаушы және жүк вагонын шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Оларды тапсырыспен қамтамасыз ету, өндіріс қуатын арттыру, импортқа тәуелділікті азайту және техникалық қызмет көрсету жүйесін дамыту мәселесі ҚТЖ-ның сатып алу және инвестициялық саясатына да байланысты.
Бұған дейін отандық өнеркәсіпті дамытуға жауапты болған Нағаспаев енді сол өнімнің ірі тапсырыс берушілерінің бірін басқарады. Осы тұрғыдан алғанда, оның жаңа қызметі бұрынғы жұмысымен сабақтас.
Төрт айда басшысы ауысқан компаниядағы ахуал
Ерсайын Нағаспаевтың тағайындалуы кезекті кадрлық ауыс-түйістен өзгеше. Ол ұлттық компанияны бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқан кезеңде қабылдап отыр.
ҚТЖ-ны биылғы 20 шілдеден бастап Елжас Отыншиев басқарған еді. 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның және «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. 14 қарашада сот оларға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Осы оқиғадан кейін, 13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесіне арнайы тоқталды.
– Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Қазақстанның көлік-транзит саласын дамыту мәселесіне назар аударды. Елдің географиялық орналасуы бірқатар артықшылық бергенімен, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілік тасымалдың жылдамдығына, сенімділігіне, тарифтің тиімділігіне және жүктің белгіленген мерзімде жеткізілуіне байланысты екенін атап өтті.
Осы тұрғыдан алғанда, Нағаспаевтың алдында бір мезгілде екі үлкен міндет тұр. Біріншісі – компанияның ішкі басқару жүйесін жетілдіру, сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайту. Екіншісі – басталған инфрақұрылымдық жобаларды тоқтатпай, теміржол саласының даму қарқынын сақтау.
ҚТЖ сияқты стратегиялық компанияда басшылықтың ауысуы өндірістік жұмысқа, халықаралық келісімге, жүк жөнелту кестесіне және инвестициялық міндеттемеге әсер етпеуі керек.
Үкімет басшысы кадр мәселесіне ерекше назар аударды
24 қарашада Премьер-министр Олжас Бектенов ҚТЖ ұжымына жаңа басшыны таныстырып, оның алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындады. Үкімет басшысы Нағаспаевтың өнеркәсіп, көлік және мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесіне тоқталды.
Бұл жолы компанияның экономикалық көрсеткішімен қатар, еңбек тәртібі мен басшылық құрамның жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.
– Кадр жұмысын ретке келтіріп, әр қызметкер үшін нақты міндеттерді анықтау қажет. Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының бұл мәлімдемесі компаниядағы өзгеріс тек басқарма төрағасын ауыстырумен шектелмеуге тиіс екенін аңғартады. Қызметкерді іріктеу, басшылықтың шешім қабылдау тәртібі, сатып алу рәсімі, ішкі бақылау және қаржылық тәртіп секілді мәселеге басымдық берілуі ықтимал.
ҚТЖ ауқымындағы компанияда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының жұмысына тәуелді болмауы керек. Оған корпоративтік басқарудың сапасы, сатып алу рәсімінің ашықтығы, мердігерді іріктеу тәртібі және инвестициялық жобаның орындалуын бақылау тетігі де тікелей әсер етеді.
Жаңа басшының осы бағыттағы жұмысы компаниядағы кадрлық өзгеріспен ғана емес, басқару жүйесінің қаншалықты ашық әрі тиімді болғанымен бағалануға тиіс.
Төрт триллион теңгеге жуық қарызы бар компания
Нағаспаев қабылдап отырған ұлттық компанияның алдында қаржылық міндет те аз емес. ҚТЖ соңғы жылдары ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып, теміржол желісін кеңейтуге және жылжымалы құрамды жаңартуға қомақты қаражат жұмсап келеді.
Компанияның қаржылық есебіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында негізгі қызметтен түскен кіріс 1,42 триллион теңгені құрады. Жалпы пайда 429,1 миллиард теңгеге, таза пайда 191 миллиард теңгеге жетті. Сонымен бірге компанияның қарызы шамамен 3,9 триллион теңгеге дейін өскен.
Бұл көрсеткіш ҚТЖ-ның табыс тауып отырғанымен, қарыз жүктемесінің де жоғары екенін көрсетеді. Теміржол саласы тұрақты инвестицияны қажет ететіндіктен, қарыз қаражатын тартудың өзі қалыпты экономикалық құбылыс. Мәселе сол қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалуында және жүзеге асырылған жобаның болашақта қандай табыс әкелетінінде.
Теміржол құрылысы, локомотив пен вагон сатып алу, станцияны жаңарту және логистикалық терминал салу қысқа мерзімде өзін ақтайтын инвестиция емес. Сондықтан компанияның қаржылық саясаты ұзақ мерзімді жоспарға негізделуі қажет.
ҚТЖ үшін кірісті арттырудың бір жолы – жүк тасымалы мен транзит көлемін ұлғайту. Дегенмен компанияның қаржылық жағдайын жақсарту міндеті тарифті көтерумен ғана шешілмеуге тиіс. Өйткені теміржол тарифінің өзгеруі отандық кәсіпорынның шығынына, экспорттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне және түптеп келгенде, тауар бағасына да ықпал етеді.
Осы себепті жаңа басшылық үшін өндірістік шығынды оңтайландыру, тиімсіз жобаны қайта қарау және инвестицияның қайтарымын қамтамасыз ету маңызды болмақ.
ҚТЖ-ның IPO-сы тағы кейінге қалуы мүмкін
Ерсайын Нағаспаевтың қызметке кірісуі ұлттық компанияның акциясын қор нарығына шығару мәселесі қайта талқыланып жатқан кезеңмен тұспа-тұс келді.
23 қарашада «Самұрық-Қазына» қоры ҚТЖ-ның IPO-сын әзірлеуге қатысқан халықаралық инвестициялық банктер мәмілені 2027 жылға ауыстыруға кеңес бергенін хабарлады. Бұған әлемдік қаржы нарығындағы жағдайдың нашарлауы және құбылмалылықтың артуы себеп болған.
Бұған дейін ҚТЖ акциясын Қазақстан, Лондон және Гонконг қор биржаларына шығару жоспарланған еді. 5 қарашада Гонконг қор биржасының листинг комиссиясының тыңдауы өткен. Лондон қор биржасына шығуға қажетті рәсім де аяқталуға жақын.
Алдын ала жоспар бойынша инвесторларға ұлттық компания акциясының 25 пайызына дейін ұсынылуы мүмкін. IPO арқылы тартылған қаражаттың бір бөлігін қарызды өтеуге, қалғанын теміржол инфрақұрылымын дамытуға және жылжымалы құрамды жаңартуға жұмсау көзделген.
ҚТЖ-ның қор нарығына шығуы компания үшін қосымша қаржы тарту мүмкіндігі ғана емес. Бұл – корпоративтік басқару сапасына, қаржылық есептің ашықтығына және инвестор алдындағы жауапкершілікке қойылатын талаптың күшеюі.
Инвестор үшін кәсіпорынның табысы мен активінің көлемінен бөлек, басшылықтың тұрақтылығы, қарызды басқару қабілеті және корпоративтік тәуекел де маңызды.
Сондықтан Нағаспаевтың алдында халықаралық инвесторға компанияның қаржылық және басқарушылық тұрғыдан сенімді екенін көрсету міндеті тұр. Десе де IPO өткізу мерзімін тек жаңа басшының жұмысы айқындамайды. Ол әлемдік нарықтағы жағдайға, акционердің шешіміне және инвестор сұранысына да байланысты.
Қытаймен жүк тасымалын арттыру және жаңа теміржол салу
Қазақстанның әлемдік мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ. Сондықтан елдің халықаралық саудасы үшін теміржол инфрақұрылымының маңызы ерекше. Қытай мен Еуропаның, Орталық Азия мен Ресейдің арасындағы жүк тасымалынан түсетін экономикалық пайда Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін қаншалықты тиімді пайдалануына байланысты.
ҚТЖ мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол өткелдері арқылы 28,4 миллион тонна жүк тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға көп. Қазақстаннан Қытайға 17,6 миллион тонна, кері бағытта 10,8 миллион тонна жүк жеткізілген.
2025 жылы екі ел арасындағы теміржол тасымалының көлемі 35,6 миллион тонна болған. Ал Қазақстан тарапы 2027 жылы бұл көрсеткішті 42,3 миллион тоннаға жеткізуді ұсынып отыр.
Жүк тасымалының өсуі қолданыстағы теміржол желісіне түсетін салмақты да арттырады. Сондықтан жаңа бағыт ашумен қатар, станцияның өткізу қабілетін кеңейту, шекарадағы рәсімді жеделдету және жүк пойызының бос тұрып қалу уақытын қысқарту қажет.
Үкімет жоспарына сәйкес, биыл жыл соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал» және «Мойынты – Қызылжар» теміржол учаскелерінің құрылысы аяқталуға тиіс. Ал «Бақты – Аягөз» теміржол желісін 2027 жылы пайдалануға беру көзделген.
Бұл жобалардың әрқайсысының экономикалық маңызы бар. «Дарбаза – Мақтаарал» желісі Өзбекстан бағытындағы теміржол тасымалының мүмкіндігін кеңейтсе, «Бақты – Аягөз» Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін дамытуға жол ашады. Ал «Мойынты – Қызылжар» учаскесі ел ішіндегі және халықаралық бағыттағы жүк тасымалын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Нағаспаев үшін жаңа теміржолды белгіленген мерзімде пайдалануға беру ғана емес, құрылысқа бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету де маңызды.
ҚТЖ теміржолмен шектелмейтін логистикалық жүйе құруға ұмтылып отыр
ҚТЖ-ның алдағы даму бағыты теміржол саласымен ғана шектелмейді. Үкімет Қазақстанды Еуразияның жетекші көлік-логистикалық орталығына айналдыру міндетін қойып отыр. Бұл үшін теміржол, автомобиль, теңіз және әуе тасымалын өзара байланыстыру қажет.
Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа басшыны таныстыру кезінде мультимодальды жүк тасымалы жүйесін қалыптастыруға, теңіз көлігі инфрақұрылымын дамытуға және инвестормен бірлесіп «Alatau Air Cargo» жүк авиакомпаниясының жұмысын тиімді ұйымдастыруға назар аударды.
Бұл бағытта Нағаспаевтың Ақтау халықаралық теңіз сауда портында жинаған тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. Өйткені Транскаспий халықаралық көлік бағытының тиімділігі теміржолдың өткізу қабілетіне ғана емес, порттың жұмыс қарқынына, кеме санына және жүкті бір көлік түрінен екіншісіне ауыстыру жылдамдығына да байланысты.
Үкімет жаңа басшылыққа цифрлық технологияны енгізу жұмысын күшейтуді де тапсырды. Жүк жөнелтуші үшін тасымалдың қай кезеңде тұрғанын бақылау, құжатты электронды түрде рәсімдеу және жеткізу мерзімін алдын ала білу аса маңызды. Цифрландыру шекарада, станцияда және кедендік рәсім кезінде туындайтын кідірісті азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар цифрлық жүйе компанияның ішкі жұмысын бақылауға, қаржы қозғалысын қадағалауға және адами факторға байланысты туындайтын тәуекелді төмендетуге көмектеседі.
Жолаушының мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс
ҚТЖ-ның халықаралық нарықтағы орны, транзит көлемі мен қаржылық көрсеткіші маңызды болғанымен, қарапайым тұрғын үшін ұлттық компания жұмысының сапасы күнделікті қызмет арқылы көрінеді.
Билет тапшылығы, пойыздың кешігуі, вагонның жай-күйі, санитарлық жағдай және билет құны – жолаушыны толғандыратын негізгі мәселелер.
Соңғы жылдары елімізде жолаушы вагонын жаңарту жұмысы қолға алынды. Биыл қарашада Астана – Алматы бағытына Stadler компаниясының жаңа вагондары қосылды. Жаңа жылжымалы құрамды өзге бағытқа да шығару жоспарланып отыр.
Дегенмен жолаушы тасымалының сапасын жақсарту жаңа вагон сатып алумен ғана шектелмейді. Пойыздың жүру кестесін халық сұранысына бейімдеу, мереке және жазғы демалыс кезінде қосымша орын ұсыну, шалғай өңірдегі тұрғынның теміржол қатынасына қолжетімділігін қамтамасыз ету де маңызды.
Жүк тасымалы ұлттық компанияның экономикалық мүмкіндігін айқындаса, жолаушы тасымалы оның әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді. Осы екі бағыттың арасындағы тепе-теңдікті сақтау жаңа басшылықтың назарында болуға тиіс.
Ерсайын Нағаспаевтың еңбек жолына қарасақ, ол мемлекеттік басқаруды да, жеке секторды да, көлік пен өнеркәсіп саласын да білетін басшы. ҚТЖ-ның құрылымымен бұрыннан таныс болуы оған қызметке жылдам кірісуге мүмкіндік береді.
Дегенмен оның жаңа қызметтегі нәтижесін бұрын атқарған лауазымы емес, алдағы уақытта қабылдайтын шешімі айқындайды. Ұлттық компаниядағы қаржылық тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайту, триллиондаған теңге қарызды тиімді басқару, инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту – жаңа басшының алдында тұрған негізгі міндеттер.
ҚТЖ-да басқарма төрағасы ауысты. Ендігі мәселе – басшымен бірге компанияның жұмыс істеу тәсілі қаншалықты өзгеретінінде. Себебі ұлттық компанияның тиімділігіне тек теміржол саласының емес, тұтас ел экономикасының дамуы да байланысты.