Тарих

Қазақтың төрт мың жылдық тарихын зерттеген антрополог ғалым Оразақ Смағұлдың ғылыми мұрасы

Қазақтың төрт мың жылдық тарихын зерттеген антрополог ғалым Оразақ Смағұлдың ғылыми мұрасы

Қазақ халқының шығу тегін зерттеуге ғұмырын арнаған, отандық антропология ғылымының негізін қалаған академик Оразақ Смағұл 96 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Кеңестік билік тұсында ғылыми еңбегі өртеліп, ұзақ жыл қысым көрген ғалым өзі таңдаған бағыттан айныған жоқ. Оның артында жүздеген ғылыми еңбек пен бірнеше ұрпаққа жететін құнды мұра қалды.

Қазақ тарихын зерттеген ғалым көп. Бірі көне жазбаны зерделесе, енді бірі археологиялық жәдігерді, тарихи құжат пен ауыз әдебиетін негізге алды. Ал Оразақ Смағұл тарихты адамның өз бойынан, сүйегі мен қанынан іздеді. Қазақ даласында мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген адамдардың антропологиялық ерекшелігін қазіргі қазақтармен салыстырып, халқымыздың қалыптасу тарихын жаңа қырынан танытты.

Ашаршылықта анасынан айырылған баланың ғылымға келуі

Оразақ Смағұл 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Ұялысай ауылында дүниеге келген. Балалық шағы қазақ тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірімен тұспа-тұс келді. Үш жасында ашаршылық салдарынан анасынан айырылған ол Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қиындықты да бастан өткерді. Кейін бүкіл саналы ғұмырын өзі сол нәубетін көрген халықтың тарихын зерттеуге арнады.

1950 жылы Меңдіқара педагогикалық училищесін, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдады. Еңбек жолын Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында лаборант болып бастады.

Жас зерттеушінің антропологияға қызығушылығы археологиялық қазба жұмысына қатысқан кезінен басталған. Ол көне қоныстардан табылған тұрмыстық бұйым мен әшекейге ерекше мән берілгенімен, адам сүйегінің ғылыми тұрғыдан жеткілікті зерттелмейтінін байқаған. Ал адам сүйегі сол дәуірде өмір сүрген халық туралы құнды ақпарат бере алатын еді.

Антропологиямен айналысу үшін тарихшыға медицина мен биологияны да меңгеру қажет болды. Сондықтан Оразақ Смағұл 1956–1957 жылдары Алматы медицина институтында тағылымдамадан өтіп, адам анатомиясын, сүйек құрылысын, қан жүйесін, тіс пен терінің ерекшелігін зерттеуді үйренді. Кейін Мәскеу мемлекеттік университетінің антропология мұражайында білімін жетілдірді.

1958 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен КСРО Ғылым академиясының Этнология және антропология институтының аспирантурасына оқуға түсті. Георгий Дебец, Михаил Герасимов, Валерий Алексеев сынды танымал антропологтың ғылыми тәжірибесімен танысты. 1965 жылы қазақ халқының кескін-келбетінің қалыптасуына арналған кандидаттық диссертациясын қорғап, 1984 жылы ғылым докторы атанды.

Оразақ Смағұл ғылымға келген кезде Қазақстанда антропологиялық зерттеу жүргізетін маман да, арнайы зертхана да болған жоқ. Сондықтан оның алдында жеке ғылыми ізденіспен қатар, елімізде тұтас бір ғылым саласын қалыптастыру міндеті тұрды. 

Қазақтың төрт мың жылдық тарихын қалай зерттеді?

Қазақ халқының қалыптасу тарихы туралы сөз қозғалғанда көбіне XV ғасырда Қазақ хандығының құрылуы айтылады. Оразақ Смағұл халықтың антропологиялық тарихын бұдан әлдеқайда ерте кезеңнен бастап қарастырды. Ғалым мемлекеттің құрылуы мен халықтың биологиялық қалыптасуын екі бөлек зерттеу нысаны ретінде зерделеді.

1970 жылы оның «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» атты іргелі еңбегі жарық көрді. Монографияда қола дәуірінен бері Қазақстан аумағында өмір сүрген адамдардың сүйек қалдығы қазіргі қазақтардың антропологиялық ерекшелігімен салыстырылды. Ғалым бас сүйектің пішінін, бет құрылысын және өзге де морфологиялық белгіні зерттеу арқылы ежелгі тұрғындар мен кейінгі ұрпақ арасындағы сабақтастықты анықтауға тырысты.

Оразақ Смағұлдың ғылыми тұжырымы бойынша, қазіргі қазақ халқының антропологиялық бейнесінде осы аумақты мыңдаған жыл бұрын мекендеген адамдарға тән белгілер сақталған. Даланың байырғы тұрғындарының сыртқы келбеті тарихи көші-қон, тайпалардың араласуы және өзге де үдеріс нәтижесінде өзгергенімен, олардың кейінгі халықтың қалыптасуына қосқан үлесі жоғалмаған.

Ғалымның зерттеуі қазақ халқының қалыптасу тарихын бір ғана тарихи кезеңмен шектемей, бірнеше мыңжылдықты қамтитын үдеріс ретінде қарастыруға мүмкіндік берді.

Бұл ретте антропологиялық сабақтастық пен ұлттық бірегейлікті ажырата білу маңызды. Төрт мың жыл бұрын қазіргі мағынасындағы қазақ ұлты немесе Қазақ хандығы болды деген сөз емес. Әңгіме осы аумақты ежелден мекендеген тұрғындардың қазіргі қазақ халқының биологиялық қалыптасуына қосқан үлесі туралы болып отыр. Өйткені халықтың қалыптасуына антропологиялық ерекшелікпен қатар тіл, мәдениет, саяси оқиға мен тарихи жағдай да ықпал етеді.

Оразақ Смағұлдың еңбегі қазақ тарихының бұған дейін жеткілікті зерттелмеген осы қырын ашуымен құнды.

Үш жүзді зерттеген ғалымның кітабы неге өртелді?

Оразақ Смағұлдың ғылыми жолындағы ең ауыр кезеңнің бірі 1977 жылы басталды. Сол жылы оның қазақ халқының қан жүйесіне арналған «Этническая геногеография Казахстана» атты монографиясы жарық көрді. Бірнеше жыл жүргізілген зерттеудің нәтижесі жинақталған еңбек көп ұзамай кеңестік цензураның қысымына ұшырады.

Ғалым қазақтың әр өңіріндегі ру мен жүз өкілдерінің биологиялық ерекшелігін салыстырып, олардың арасындағы антропологиялық байланысты анықтауды көздеді. Қан тобын, резус-фактордың таралуын және басқа да тұқым қуалайтын белгіні зерттеді. Оның ғылыми ізденісі қазақ халқының антропологиялық тұтастығын зерделеуге бағытталған еді.

Бірақ кеңестік билік бұл зерттеуге саяси тұрғыдан баға берді. Қазақ халқының рулық және жүздік құрылымын дербес зерттеу сол кездегі идеологиялық ұстанымға қайшы қабылданды. Ақырында кітап Орталық партия комитетінің бұйрығымен өртелді.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиновтың айтуынша, осы оқиғадан кейін ғалым Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бақылауына алынып, 15 жыл бойы еркін ғылыми жұмыс жүргізуіне кедергі жасалған. Соған қарамастан Оразақ Смағұл зерттеуін тоқтатпаған. 

Ғалымның басынан өткен бұл оқиға кеңестік кезеңде ғылымның саяси жүйеге қаншалықты тәуелді болғанын көрсетеді. Ғылыми тұжырымның құндылығы оның дәлелімен емес, үстем идеологияға сәйкестігімен бағаланған тұста ұлттық тарихты зерттеудің өзі үлкен тәуекелге айналды.

Бір жағынан, кеңестік билік халықтар достығын, ұлттардың теңдігін дәріптеді. Екінші жағынан, жекелеген халықтың тарихи тамырын, этникалық ерекшелігін және ұлттық тұтастығын зерттеуге сақтықпен қарады. Оразақ Смағұлдың тағдыры осы қайшылықтың нақты мысалы болды.

Бірнеше жылдық еңбектің нәтижесі бір сәтте жойылғанымен, ғалымның өзі таңдаған зерттеу бағыты сақталып қалды. Кейін тәуелсіз Қазақстанда оның ғылыми тұжырымын ашық талқылауға, еңбегін қайта зерделеуге мүмкіндік туды.

Қазақтың біртұтастығын ғылыми тұрғыдан негіздеді

Оразақ Смағұл зерттеуінің бүгінгі қоғам үшін де маңызы зор. Әлеуметтік желіде ара-тұра ру мен жүзге қатысты пікірталас туындап, белгілі бір рудың өзгелерден артықшылығы туралы әңгіме айтылып жатады. Антрополог бұдан бірнеше онжылдық бұрын осы мәселені ғылыми тұрғыдан қарастырған.

Оның зерттеу нәтижесі қазақтың үш жүзін бір-бірінен оқшауланған биологиялық топ ретінде қарастыруға негіз жоқ екенін көрсетті. Ғалым бұған қан жүйесін ғана емес, әр өңірдегі қазақтардың тіс құрылысын, алақан бедерін, дене бітімі мен бас сүйек ерекшелігін салыстыру арқылы көз жеткізуге ұмтылды.

Ру мен жүз – тарихи қалыптасқан әлеуметтік құрылым. Оның қазақ қоғамындағы өзіндік орны, қызметі мен тарихы бар. Дегенмен оны белгілі бір адамның биологиялық артықшылығымен байланыстырудың ғылыми негізі жоқ.

Әрине, кез келген халықтың ішінде генетикалық және морфологиялық айырмашылық кездеседі. Оразақ Смағұлдың зерттеуін барлық қазақтың генетикалық құрамы бірдей деген мағынада қабылдауға болмайды. Ғалым еңбегінің қоғамдық маңызы – адамның қай руға немесе жүзге жататыны оны тұтас халықтан биологиялық тұрғыдан бөліп қарастыруға негіз бола алмайтынын көрсетуінде.

Осы тұрғыдан алғанда, антропологтың еңбегі өткен ғасырдағы ғылыми пікірталас аясында қалып қойған жоқ. Ол ұлттық бірегейлік пен қоғамдық тұтастық мәселесі талқыланып жүрген бүгінгі кезеңде де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Абылай ханның сүйегін зерттеуге атсалысты

Оразақ Смағұлдың ғылыми қызметі тұтас халықтың антропологиялық тарихын зерттеумен шектелген жоқ. Ол қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың сүйек қалдығын зерделеуге де атсалысты.

Ғалымның қатысуымен «Абылай хан: тарихи-антропологиялық зерттеу» атты еңбек жарық көрді. Зерттеу Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Абылай ханның сүйегін ғылыми тұрғыдан анықтау мәселесіне арналды. Бұл жұмыста тарихи мәлімет, археологиялық материал және антропологиялық дерек өзара сабақтастырыла қарастырылды.

Тарихи тұлғаның сүйегін зерттеудің маңызы оның сыртқы келбетін қалпына келтірумен ғана шектелмейді. Сүйек құрылымы арқылы адамның шамамен қанша жас жасағанын, дене бітімін, бұрын алған жарақатын және денсаулығына қатысты кейбір ерекшелікті анықтауға болады. Мұндай мәлімет жазба деректі толықтырып, тарихи тұлғаның өміріне қатысты қосымша ғылыми ақпарат береді.

Оразақ Смағұл Кенесары ханның сүйегін елге қайтару мәселесіне де назар аударған. 2021 жылы баспагер Бақытжан Бұқарбайдың BAS QOSU жобасына берген сұхбатында тиісті ұсыныс түскен жағдайда Кенесары ханның бас сүйегін зерттеуге дайын екенін айтқан. Ол кезде ғалымның жасы тоқсаннан асқан еді. 

Қазақстан тарихындағы бірқатар тұлғаның жерленген орны мен сүйек қалдығына қатысты әлі де зерттеуді қажет ететін мәселе бар. Сондықтан Оразақ Смағұл дамытқан ғылыми бағыттың маңызы алдағы уақытта да арта түспек.

Қазақ даласынан табылған сүйектердің шетелде сақталуына алаңдады

Ғалым өмір бойы көтерген өзекті мәселенің бірі – археологиялық қазба кезінде табылған адам сүйегін сақтау және зерттеу ісі.

Оразақ Смағұл адам сүйегін жай ғана археологиялық олжа емес, халықтың биологиялық тарихынан хабар беретін бірегей ғылыми дерек деп қарастырды. Сондықтан елімізде антропологиялық материал сақтайтын арнайы орынның болуына ерекше мән берді.

Ғалым «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында археологиялық қазба кезінде табылған адам қаңқасын жинап, сақтайтын орын қалыптастыру қажеттігін айтқан.

– Адамның нәсіл-тегіндегі генетикалық деректер әлемнің ешқандай қорында жоқ. Өйткені ол адамның өзінде ғана сақталды, – деген еді антрополог. 

Бұл мәселенің маңызы қазіргі технологияның дамуымен бірге артып келеді. Бұрын антрополог адам сүйегін негізінен оның пішіні мен өлшемі арқылы зерттесе, бүгінде ежелгі ДНҚ-ны талдау, радиокөміртектік мерзімдеу және изотоптық зерттеу арқылы әлдеқайда кең ақпарат алуға болады.

Мәселен, адам сүйегіндегі химиялық элемент оның қандай тағам тұтынғанын, өмірінің белгілі бір кезеңін қай өңірде өткізгенін анықтауға көмектеседі. Ал ежелгі ДНҚ-ны зерттеу арқылы халықтың көші-қоны, туыстық байланысы мен генетикалық тарихы зерделенеді.

Демек, бірнеше онжылдық бұрын жиналған антропологиялық материалдың ғылыми құндылығы уақыт өте төмендемейді. Керісінше, жаңа технология пайда болған сайын оны қайта зерттеп, тың мәлімет алуға мүмкіндік туады.

Қазақстанның антропологиялық қорын қалыптастыру, шетелде сақталған материалды түгендеу және оны зерттеуге қол жеткізу – Оразақ Смағұл көтерген, әлі де маңызын жоғалтпаған мәселе.

Әке мен қыздың ортақ ғылыми мұрасы

Оразақ Смағұлдың ғылыми жолын жалғастырған жандардың бірі – қызы, антрополог Айнагүл Смағұлова. Әкесі мен қызы бірлесіп қазақ халқының шығу тегі мен антропологиялық тарихына арналған көлемді еңбек жазды.

2017 жылы олардың «Происхождение казахского народа (по данным физической антропологии)» атты монографиясы жарық көрді. Еңбекте бірнеше онжылдық бойы жиналған антропологиялық материал жүйеленіп, қазақ халқының тарихи қалыптасуы кешенді түрде қарастырылды. Кейін бұл бағыттағы ғылыми ізденіс «Қазақ халқы және ата тегі» атты кітаппен жалғасты.

Әке мен қыздың ортақ еңбегінің ерекшелігі – бір буын жинаған ғылыми деректі келесі буынның жалғастырып, толықтыруында. Антропология секілді ұзақ мерзімді бақылау мен салыстыруды қажет ететін ғылым саласында мұндай сабақтастықтың маңызы ерекше.

Өйткені ондаған жыл бойы жиналған материалды жүйелеу, ғылыми айналымға енгізу және жаңа әдіспен қайта зерттеу бір адамның ғұмырымен шектелмеуі керек.

«Өмірімнің мәні мен сәні»: ғалымның өзі туралы кітап

Оразақ Смағұлдың ғылыми еңбегінен бөлек, оның өмір жолына арналған кітап та көзі тірісінде жарық көрді. 2023 жылдың қарашасында баспагер Бақытжан Бұқарбайдың бастамасымен AmalBooks баспасынан «Өмірімнің мәні мен сәні» атты туынды оқырманға жол тартты.

Кітапта ғалымның балалық шағы, соғыс жылдарындағы тұрмыс, білім алуы, антропологияға бет бұруы, ғылыми жаңалық ашқан кезеңі, далалық экспедициясы мен шетелге сапары қамтылған.

Бақытжан Бұқарбайдың айтуынша, кітапты әзірлеу жұмысы 2022 жылдың қарашасында басталып, 2023 жылдың қазанында аяқталған. Баспагердің мақсаты – көрнекті тұлғаның өмірлік тәжірибесін көзі тірісінде хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізу.

– Біз кітапты қазіргі бизнес-әдебиеттің стилінде жаздық. Сосын ары қарай киносценарийге икемдеуге оңай болуын да ойластырдық, – деген еді Бақытжан Бұқарбай кітаптың жарық көруіне байланысты жазбасында. 

Кітаптың тұсаукесері 2023 жылғы 21 қарашада Satbayev University-де ғалымның қатысуымен ұйымдастырылды.

Бұл туындының құндылығы – оқырманға Оразақ Смағұлды тек академик ретінде емес, бірнеше тарихи дәуірді бастан өткерген адам ретінде танытуында. Оның өмір жолы арқылы өткен ғасырдағы қазақ ауылының тұрмысын, кеңестік білім беру жүйесін, ғылымдағы идеологиялық қысымды және тәуелсіздік жылдарындағы өзгерісті бағамдауға болады.

Оразақ Смағұлдың өмірі көркем фильмге де сұранып тұрған тағдыр. Ашаршылықта анасынан айырылған баланың академик атануы, Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұланның көзін көруі, ғылыми еңбегінің өртелуі, қысымға қарамастан зерттеуін жалғастыруы – бір адамның өмірбаяны ғана емес, қазақ ғылымының тұтас бір дәуірі.

Жүздеген мың көрермен тыңдаған антрополог

Өмірінің соңғы жылдарында Оразақ Смағұл ғылыми ортадан бөлек, қалың жұртшылыққа, әсіресе жастарға кеңінен таныла бастады. Бұған оның журналист Тимур Балымбетовке берген көлемді сұхбаттары да ықпал етті.

2021 жылғы 11 наурызда Тимур Балымбетовтің YouTube арнасында академикпен алғашқы сұхбаты жарық көрді. Журналист бұл кездесуге жарты жыл дайындалғанын айтқан. Сұхбатты кейін жарты миллионнан астам көрермен тамашалады.

Әңгіме барысында ғалым антропологияны неліктен таңдағанын, кеңестік биліктің кітабын жою себептерін, қазақ халқының шығу тегін, сыртқы келбетіндегі ерекшелікті және ру мен жүзге бөліну мәселесін сөз етті. Сондай-ақ Қаныш Сәтбаевпен кездесуі, Әлкей Марғұланмен бірге жұмыс істеген жылдары туралы естелігімен бөлісті.

Оразақ Смағұлдың осы сұхбатындағы құнды дүниенің бірі – қазақ ғылымының іргесін қалаған тұлғалар туралы естелігі. Қазіргі ұрпақ Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұланды негізінен олардың ғылыми мұрасы арқылы таныса, Оразақ Смағұл сол азаматтарды көрген, бірге жұмыс істеген замандас ретінде әңгімеледі.

2021 жылғы 27 қазанда Тимур Балымбетов ғалыммен екінші сұхбатын жариялады. Бұл жолы Кенесары ханның бас сүйегі, Абылай ханның мазары, Алтын адамның зерттелуі, қазақ тілінің болашағы және тарих оқулығының сапасы талқыланды. Академик көрерменнің сұрағына да жауап беріп, қазақ жастары туралы пікірін білдірді. Бақытжан Бұқарбаймен бірлесіп қолға алған кітап жобасы да сөз болды. 

Тоқсаннан асқан ғалымның сұхбатына жүздеген мың адамның қызығушылық танытуы қоғамда ұлттық тарихты ғылыми тұрғыдан тануға деген сұраныстың бар екенін аңғартты. Антропология секілді күрделі ғылым саласының маманы көпшілікке түсінікті тілде сөйлеп, академиялық зерттеу мен қарапайым оқырман арасындағы байланысты нығайта алды.

Бүгінде бұл сұхбаттардың тарихи құндылығы да арта түсті. Өйткені онда ғалымның ғылыми тұжырымы ғана емес, өз аузынан айтылған өмірбаяны, замандастары туралы естелігі және өзі куә болған тарихи кезеңге берген бағасы сақталған.

Қазақ антропологиясының ғылыми мектебін қалыптастырды

Оразақ Смағұлдың ел ғылымына сіңірген еңбегі жеке зерттеуімен ғана өлшенбейді. 1989 жылы ол Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жанынан Қазақстандағы алғашқы этностық антропология зертханасын ұйымдастырды. Осы арқылы елімізде антропологиялық зерттеу жүргізудің ғылыми негізін қалыптастырды.

Ғалым 36 экспедициялық және далалық зерттеуге қатысып, 200-ден астам ғылыми еңбек жазды. Үндістан, Моңғолия, Италия және басқа да мемлекетпен бірлескен ғылыми жұмысқа атсалысты. Оның жетекшілігімен төрт ғылым докторы мен үш ғылым кандидаты даярланды.

Оразақ Смағұлдың ғылыми мұрасы физикалық антропологияның бірнеше бағытын қамтыды. Ол қазақтардың дене бітімін, қан жүйесін, тіс құрылысын, тері бедерін және бас сүйек ерекшелігін кешенді түрде зерттеді. Қазақстаннан тыс жерде тұратын қазақтардың антропологиялық бейнесіне де назар аударды.

Өмірінің соңына дейін ғылыми қызметтен қол үзген жоқ. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиновтың мәліметінше, академик әзірленіп жатқан жеті томдық «Қазақстан тарихы» басылымының бас редакциялық алқасына кіріп, қазақ халқының антропологиялық қалыптасуы мен этногенезіне арналған бөлімдерді жазуға атсалысқан.

Яғни ғалым зейнет жасына жеткеннен кейін де бірнеше онжылдық бойы ғылыми жұмысын жалғастырған. Тоқсаннан асқан шағында ұлттық тарихтың іргелі академиялық басылымын әзірлеуге үлес қосты.

Оразақ Смағұлдан кейінгі қазақ антропологиясы

Кез келген ғылыми мектептің өміршеңдігі оның негізін қалаған ғалымнан кейінгі дамуымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Оразақ Смағұлдың ғылыми мұрасын сақтау ғана емес, оны жалғастыру мәселесі де маңызды.

Ғалымның ондаған жыл бойы жинаған антропологиялық материалын жүйелеу, цифрландыру, ғылыми еңбегін қайта басып шығару және жас зерттеушіге қолжетімді ету – отандық ғылымның алдында тұрған міндеттің бірі.

Бүгінде адамның шығу тегі мен халықтың қалыптасу тарихын зерттеу мүмкіндігі өткен ғасырмен салыстырғанда едәуір кеңейді. Палеогенетика, молекулалық биология және биоинформатика саласындағы жаңалық классикалық антропологиялық зерттеуді толықтыруға жол ашып отыр. Осы әдісті Оразақ Смағұл жинаған ғылыми материалмен ұштастыру қазақ халқының қалыптасу тарихына қатысты жаңа дерек алуға мүмкіндік береді.

Ғалымның мұрасын жалғастыру дегеніміз оның барлық тұжырымын өзгеріссіз қабылдау емес. Ғылым жаңа дерекпен толығып, бұрынғы қорытынды қайта тексеріліп отырған кезде дамиды. Сондықтан Оразақ Смағұл қалыптастырған ғылыми мектептің болашағы жаңа буын зерттеушісінің даярлығына, зертхананың мүмкіндігіне және антропологиялық материалдың сақталуына тікелей байланысты.

Отандық ғылым үшін тағы бір маңызды мәселе – көрнекті ғалымның өмір жолын, ғылыми әдісін және тәжірибесін қалың жұртшылыққа таныстыру. Бұл ретте оның көзі тірісінде жарық көрген өмірбаяндық кітабы мен берген сұхбаттарының да орны ерекше. 

Оразақ Смағұлдың 96 жылдық ғұмыры қазақ тарихының аса күрделі кезеңдерін қамтыды. Ашаршылықта анасынан айырылған бала кейін халқының мыңдаған жылдық тарихын зерттеген академикке айналды. Кеңестік билік кітабын өртеп, ғылыми қызметіне кедергі келтіргенімен, ол өзі таңдаған бағыттан айныған жоқ.

Оның басты еңбегі – қазақ халқының тарихын зерттеудің ғылыми аясын кеңейтуі. Тарихи оқиға, хандық пен мемлекет шежіресінің ар жағында сол тарихты жасаған адамның өзі тұрғанын көрсетті.

Оразақ Смағұл қазақ ғылымына жүздеген еңбек қана қалдырған жоқ. Бұған дейін жеткілікті зерттелмеген бағытқа жол ашып, ұлттық тарихты зерделеудің жаңа ғылыми дәстүрін қалыптастырды. Ендігі міндет – сол дәстүрді жалғастырып, ғалымның ғұмыр бойы жинаған мұрасын келесі ұрпақтың игілігіне айналдыру.

Барлық жаңалық