Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ұжымына басқарманың жаңа төрағасы Ерсайын Нағаспаевты таныстырды. Ол компанияның жаңа басшылығы алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өтіп, жұмысты қарқынды жүргізу қажеттігін ескертті,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Үкімет басшысының айтуынша, ҚТЖ елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан компания транзиттік тасымал көлемін арттырып, теміржол инфрақұрылымын дамытуға және қызметінің тиімділігін жақсартуға басымдық беруі керек.
«Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек. Қызметкерлердің басым бөлігі адал және жауапты адамдар екеніне сенімдімін. Үкіметтің, салалық министрліктің және "Самұрық-Қазына" қорының қолдауымен алға қойылған барлық міндеттерді жүзеге асыруға әлеуеттеріңіз жеткілікті. Босаңсуға уақыт жоқ, қарқынды жұмысқа дереу кірісу қажет», – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол корпоративтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейту және басшылардың қабылдаған шешімдері үшін дербес жауапкершілігін арттыру керегін айтты.
Кездесуде ірі инфрақұрылымдық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау мәселесіне де назар аударылды. Атап айтқанда, биыл «Дарбаза – Мақтаарал» және «Мойынты – Қызылжар» теміржол учаскелерінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Ал «Бақты – Аягөз» желісін келесі жылы пайдалануға беру көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, жылжымалы құрамның отандық өндірісін дамыту, локомотивтер мен вагондар шығаратын кәсіпорындарды қолдау міндеті қойылды. Жүк тасымалының мультимодальды жүйесін қалыптастыру, теңіз көлігі инфрақұрылымын дамыту және «Alatau Air Cargo» жүк авиакомпаниясының жұмысын тиімді ұйымдастыру қажеттігі де айтылды.
Бектенов көлік процестерін цифрландыру бағытында әлі де мүмкіндік бар екенін атап өтті. Осыған байланысты ҚТЖ-ның жаңа басшылығына цифрлық шешімдерді енгізуді жандандырып, олардың әлеуетін компания жұмысының тиімділігін арттыруға пайдалану тапсырылды.
Еске салайық, бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының басқарма шешімімен Ерсайын Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалған еді. Ол бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарды.