Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш антрополог ғалым Оразақ Смағұлұлы 96 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қаралы хабарды Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов жеткізді.
Оразақ Смағұлұлы – 1930 жылғы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданына қарасты Ұялысай ауылында дүниеге келген.
1950 жылы Меңдіқара педагогика училищесін, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. 1958 жылы ол академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен Мәскеудегі Совет одағы Ғылым академиясының Этнология және антропология институтының аспирантурасына түсіп, білім алған.
1965 жылы "Қазақтың кескін-келбетінің қалыптасуы көне және қазіргі бас сүйектері бойынша" деген тақырыпта антропология мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. 1984 жылы ғылым докторы атанған.
1989 жылы ол Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы Қазақстандағы алғашқы этностық антропология зертханасын ұйымдастырды, көп жыл институтта еңбек етті.
Жүздеген ғылыми жұмыстың авторы атанған ғалым төрт мың жыл бұрын қазіргі Қазақстан жерін мекендеген тайпалар мен қазіргі заманғы қазақтардың сүйектерін салыстырып, олардың антропологиялық сәйкестігін анықтаған.
Өмірінің соңына дейін ғалым әзірленіп жатқан жеті томдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымын дайындауға атсалысты. Басылым авторларының бірі әрі бас редакциялық алқа мүшесі ретінде қазақ халқының антропологиялық қалыптасуы мен этногенезіне қатысты бөлімдерін жазды.