🌐 Әлем

Иранда хиджабсыз өнер көрсеткен танымал әншіге 74 дүре соғылды

Иранда хиджабсыз өнер көрсеткен танымал әншіге 74 дүре соғылды

Ирандық танымал әнші Парасту Ахмадиге хиджабсыз өнер көрсеткені үшін 74 дүре соққысы жасалды. Мұндай жаза оның төрт әріптесіне де қолданылған. 

Қылмыстық қудалауға 29 жастағы әншінің 2024 жылғы желтоқсанда Кум қаласында өткен концертін YouTube арнасында жариялауы себеп болған. Ол сахнаға иығы ашық көйлекпен, басын жаппай шыққан. Бейнежазба тарағаннан кейін Парасту Ахмади мен оның музыкалық тобының мүшелері және түсірілім тобының өкілдері ұсталған.

Иран заңнамасы әйелдерге шашын жауып, жабық киім киюді міндеттейді. Сондай-ақ олардың көпшілік алдында ән орындауына шектеу қойылған.

Биыл маусымда қылмыстық сот Ахмадиді және тағы сегіз адамды «қоғамдық әдепті қорлады» деген айыппен кінәлі деп таныған. Қыркүйекте апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған. Дүре соғудан бөлек, сотталғандарға екі жыл бойы аудио және бейнематериал түсіруге, сондай-ақ елден шығуға тыйым салынған.

Әншінің адвокаты қорғау тарапы үкімнің күшін жоюға, жазаны жеңілдетуге немесе оны орындауды кейінге қалдыруға тырысқанымен, нәтижесіз болғанын айтты. Жаза Кум қаласында көпшілікке жария етілмей орындалған.

Ирандағы Адам құқықтары орталығы әншіге қатысты жазаны айыптап, оның киім таңдау және өнер көрсету құқығы үшін қудалануы негізгі адам құқықтарының бұзылуы екенін мәлімдеді.

Иранда хиджаб киюге қатысты талаптар көп жылдан бері әйелдердің наразылығын тудырып келеді. 2022 жылы 22 жастағы Махса Аминидің мораль полициясы ұстағаннан кейін қаза табуы бүкіл елде жаппай наразылыққа ұласқан. Сол кезде әйелдер міндетті хиджабқа қарсы шығып, орамалдарын өртеп, көшеге шыққан.

Содан бері көптеген ирандық әйел қоғамдық орындарда басын жаппай жүруді жалғастырып келеді. Ал билік бұған жауап ретінде мерзімді түрде ұстау, ескерту жасау және кәсіпорындарды жабу сияқты шараларды қолданады.

Барлық жаңалық