Жаңалықтар

Ақтөбедегі ауруханада жұмысшы қаза тапты

Ақтөбедегі ауруханада жұмысшы қаза тапты

​Ақтөбедегі №1 қалалық көпсалалы аурухананың оттегі сақтайтын қоймасында өрт шығып, бір қызметкер ауыр жарақат алды,, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Ол ауруханада емделгенімен, кейін көз жұмды. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 14 қарашада болған. Қоймадағы өрт салдарынан жұмысшы күйік алған. Еңбек инспекциясына бұл жағдай туралы хабарлама келесі күні түскен.

Дәрігерлік-консультациялық комиссия зардап шеккен қызметкердің жарақатын ауыр деп бағалаған. Кейін аурухана басшылығы еңбек инспекциясына жұмысшының көз жұмғанын хабарлап, арнайы тергеу жүргізуге қатысу туралы өтініш жолдаған.

20 қарашада Еңбек кодексіне сәйкес жазатайым оқиғаны тергейтін комиссия құрылған. Қазір сот сараптамасы орталығына сұраныс жіберіліп, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қорытындысы күтіліп отыр.

Еңбек инспекторы Еркебұлан Омардың айтуынша, комиссия құрамына еңбек инспекторы, жұмыс беруші және кәсіподақ өкілі кіреді. Егер тексеру барысында қызметкердің өндірістік міндетін орындау кезінде жарақат алып, соның салдарынан қайтыс болғаны расталса, үш күн ішінде жазатайым оқиға туралы акт жасалады. Құжат марқұмның отбасына беріледі.

Айта кетейік, биыл Ақтөбе облысында 10 айда 56 жазатайым оқиға тіркеліп, 57 адам зардап шеккен. Оның 13-і Дөң кен-байыту комбинатында болған. Жалпы облыста өндірістік оқиғалар салдарынан үш адам қаза тапқан.

Барлық жаңалық