Жаңалықтар

Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы интернет-трафик транзитін кеңейтеді

Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы интернет-трафик транзитін кеңейтеді

Қазақстан спутниктік интернетті дамытып, Еуропа мен Азия арасындағы деректерді жеткізудің транзиттік бағыттарын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Министрдің айтуынша, талшықты-оптикалық желі тарту қиын шалғай ауылдарды интернетке қосу үшін спутниктік байланыс дамып келеді. Қазір OneWeb және Starlink операторларына лицензия берілген. Сонымен қатар Beeline және Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп, Direct-to-Cell технологиясы іске қосылды. Ол спутник арқылы смартфоннан хабарлама жіберуге және интернетке базалық деңгейде қосылуға мүмкіндік береді. Қызмет Android құрылғыларында қолжетімді, ал iOS жүйесіне арналған нұсқасы әзірленіп жатыр.

Келесі жылы Қазақстан нарығына Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon LEO компанияларының шығуы күтіледі. Осылайша, Қазақстан Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай жерүсті стансаларын орналастырған төрт спутниктік оператор жұмыс істейтін алғашқы ел болмақ.

Спутниктік интернет көлік және туристік нысандарға да орнатылады. Қазір Air Astana әуе компаниясының бір ұшағы OneWeb интернетімен жабдықталған. Келесі жылы осындай жүйені тағы 20 ұшаққа орнату жоспарланып отыр. Ал Starlink арқылы Wi-Fi ҚТЖ-ның 1,5 мың жолаушылар вагонында жұмыс істеп тұр.

Биыл танымал 10 туристік нысан интернетке қосылды. Келесі жылы тағы 50 нысанды желіге қосу көзделген. Сондай-ақ барлық шекаралық өткізу пункттері талшықты-оптикалық және спутниктік желілер арқылы интернетпен қамтамасыз етілген.

Жаслан Мәдиевтің сөзінше, Қазақстанда Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. Ол Еуропа мен Азия арасында интернет-трафикті жеткізудің қосымша бағытын қалыптастырады. Бұл бағыттың тұрақтылығын арттыру үшін Каспий теңізінің түбімен резервтік арна тарту қажет.

Бұдан бөлек, Қорғастан Ақтауға дейін «Батыс – Шығыс» гипермагистралі салынып жатыр. Қазір оның 87%-ы аяқталған, қалған жұмысты келесі жылы бітіру жоспарланған.

Министрдің айтуынша, бұл жобалар Қазақстан арқылы өтетін деректер транзитін арттырып, ақпарат жеткізу кезіндегі кідірісті азайтуға және халықаралық компанияларды елдегі деректерді өңдеу орталықтары алқабына тартуға мүмкіндік береді.

Барлық жаңалық