Жаңалықтар

Байқоңырдан «Союз-2.1б» зымыраны  ұшырылды

Байқоңырдан «Союз-2.1б» зымыраны  ұшырылды

Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жүк жеткізетін «Прогресс МС-36» кемесі бар «Союз-2.1б» зымыраны ұшырылды. Бұл туралы «Роскосмос» трансляциясында хабарланды,деп жазады Ozgeris.info.

Зымыран Байқоңырдағы 31-алаңнан ұшқан. «Роскосмос» мәліметінше, жүк кемесі ХҒС-қа шамамен 2,5 тонна жүк жеткізеді. Оның ішінде станцияға жанармай құюға арналған 750 келі отын, 420 келі ауызсу және станция атмосферасын толықтыруға қажетті 51 келі ауа бар.

Сонымен қатар станцияға ғарышкерлерге оның сыртқы бетінде жұмыс істеуге көмектесетін «Теледроид» антропоморфты робот кешені жеткізіледі.

19 қыркүйекте алдыңғы миссия аясында «Прогресс МС-35» кемесі станцияға осы роботты қашықтан басқаруға арналған экзоскелет жеткізген болатын.

«Теледроид» роботын «Андроид техникасы» ғылыми-өндірістік бірлестігі әзірлеген. Ал экспериментті ұйымдастыруға ЦНИИмаш жауапты.

Эксперимент екі кезеңнен тұрады. Алдымен роботты станция ішінде басқару тәсілдері пысықталады. Кейін ол ХҒС-тың Ресейге тиесілі «Наука» модулінің сыртқы бөлігіне орнатылады. Робот автоматты, қолмен және дауыспен басқару режимдерінде жұмыс істей алады.

Эксперимент аясында 40-қа дейін сынақ өткізу жоспарланған. Оның 20-сы симуляторда, 12-сі станция модулінің ішінде, тағы сегізі станцияның сыртқы бетінде жүргізіледі. Роботты басқаруға ғарышкерлер Петр Дубров пен Анна Кикина қатысады.

Жоспар бойынша, олар ашық ғарышқа шыққан кезде робот жүйесінің сыртқы бөлігін ХҒС бетіне орнатады. Осыдан кейін роботты станцияның ішінен басқаруға мүмкіндік туады.

«Теледроид» вакуумға, радиацияға және температураның күрт өзгеруіне төзімді. Робот техникалық көру жүйесінің көмегімен ғарышкер берген тапсырманы орындай алады. Мысалы, балға алып беру немесе қажетті құралды ұсыну сияқты жұмыстарды атқарады.

Айта кетейік, «Теледроидқа» дейін Ресейде FEDOR (Skybot F-850) роботы жасалған. Ол 2019 жылы ХҒС-қа жіберіліп, ғарышта басқару және адаммен өзара әрекеттесу мүмкіндіктері сыналған. Сол кезде негізінен салмақсыздық жағдайында робот қолының ұсақ қимылдарын орындау қабілеті тексерілген.

Барлық жаңалық