Қоғам

«Қарапайым инженерден ұлттық компанияның топ-менеджеріне дейін көтерілген»: ұсталған Қуаныш Омарбеков кім?

«Қарапайым инженерден ұлттық компанияның топ-менеджеріне дейін көтерілген»: ұсталған Қуаныш Омарбеков кім?

«Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығына қатысты сыбайлас жемқорлық ісі аясында еліміздің атом өнеркәсібіндегі жоғары лауазымды қызметкерлердің бірі ұсталды. Қазатомөнеркәсіптің өндіріс жөніндегі бас директоры болған Қуаныш Омарбеков ұлттық компания жүйесінде 15 жыл еңбек еткен, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Ол қатардағы инженерден әлемдегі ең ірі уран өндіруші компанияның басқарма мүшесіне дейін көтерілген.

Қатардағы инженерден бас директорға дейін

Қуаныш Алтынбекұлы Омарбеков 1986 жылы дүниеге келген. 2017 жылы Ресей Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын іскерлік әкімшілендіру магистрі (MBA) біліктілігі бойынша тәмамдаған. 2022 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде металлургия және пайдалы қазбаларды байыту мамандығы бойынша білім алған.

Омарбеков еңбек жолын 2011 жылы Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны – қазіргі KAP Logistics компаниясында инженер болып бастаған. Ұлттық компанияның кәсіпорындарын тасымал және жабдықтау қызметімен қамтамасыз ететін осы мекемеде түрлі басшылық қызмет атқарып, 2018–2022 жылдары оның бас директоры болған. 2022 жылдың желтоқсанында Қазақстан мен Ресейдің уран өндіретін «Ақбастау» бірлескен кәсіпорнына басшылық етуге тағайындалған. Араға жарты жыл салып, 2023 жылғы 23 маусымда Қазатомөнеркәсіптің өндіріс жөніндегі бас директоры қызметіне кірісіп, компания басқармасының құрамына енген.

Омарбеков қандай қызметке жауапты болды?

Қазатомөнеркәсіптің ресми мәліметіне сәйкес, Омарбеков ұлттық компания мен оның еншілес кәсіпорындарындағы геологиялық барлау, жер қойнауын пайдалану, уран өндіру және қайта өңдеу жұмысын үйлестіруге, сондай-ақ өндірістік активтерді басқаруға жауапты болған. 2023 жылдың тамызында компанияның өндіріс және ядролық отын циклі жөніндегі екі блогы біріктіріліп, Омарбековтің қарамағына берілді. Осылайша оның қызмет аясы кеңейді.

Оны қызметке тағайындаған кезде Қазатомөнеркәсіптің сол кездегі басқарма төрағасы Ержан Мұқанов Омарбековтің сервистік және тау-кен кәсіпорындарындағы тәжірибесі өндіріс тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосатынына сенім білдірген.

Триллион теңге кірісі бар компания

Қазатомөнеркәсіп – Қазақстанның стратегиялық маңызы бар ұлттық компанияларының бірі. 2025 жылы әлемде өндірілген уранның шамамен 20 пайызы компанияның үлесіне тиесілі болды. Оның негізгі экспорттық нарығына Қытай, Еуропа, Солтүстік Америка, Оңтүстік және Шығыс Азия елдері кіреді.

Компанияның 2025 жылғы қаржылық есебіне сәйкес, шоғырландырылған кірісі 1 триллион 803 миллиард теңгені, таза пайдасы 807 миллиард теңгені құраған. Ал 2024 жылы таза пайда 1 триллион 132 миллиард теңге болған. Бір жылда бұл көрсеткіш шамамен 29 пайызға төмендеген. Дегенмен қаржылық көрсеткіштердің Омарбековке қатысты тергеумен байланысы бары туралы ресми ақпарат жоқ.

Қазатомөнеркәсіп акциясының 62,99 пайызы «Самұрық-Қазына» қорына, 12,01 пайызы Қаржы министрлігіне тиесілі. Қалған 25 пайызы еркін айналымда. Компанияның бағалы қағаздары Лондон қор биржасы мен Astana International Exchange биржасында саудаланады. Сондықтан ұлттық компания басшылығына қатысты қылмыстық тергеу ел ішіндегі ғана емес, шетелдік инвесторлар үшін де маңызды.

Омарбеков не үшін ұсталды?

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 23 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Қуаныш Омарбеков пен өзге де адамдарды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген.

Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі бойынша жүргізіліп жатыр. Аталған бап аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топ құрамында пара бергені үшін жауапкершілікті көздейді.

Қ. Омарбековтің нақты қандай әрекетке барғаны, параның мөлшері, кімге және қандай мақсатта берілгені әзірге жарияланған жоқ. Істің өзге мән-жайы тергеу мүддесіне байланысты ашылмай отыр.

Бір күнде екі басшы қызметінен кетті

24 қарашада Қазатомөнеркәсіптің директорлар кеңесі өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғожиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдаған. Олардың міндеті компания басшылығының басқа мүшелеріне жүктелді.

Ұлттық компания кадрлық өзгерістердің өндіріс пен коммерциялық қызметке әсер етпейтінін, қаржылық және өндірістік болжам, сондай-ақ клиенттер алдындағы міндеттемелер өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді. Айта кету керек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсталғандардың арасынан әзірге Омарбековтің ғана есімін ресми атады. Байғожиннің ұсталғаны туралы ақпарат расталған жоқ.

«Самұрық-Қазына» төңірегіндегі тергеу

Қазатомөнеркәсіптегі жағдай қараша айында квазимемлекеттік сектордың жоғары лауазымды басшыларына қатысты басталған тергеудің жалғасы болып отыр. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған. 14 қарашада сот оларды қамауға алуға санкция берген.

13 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ұлттық компаниялардағы сыбайлас жемқорлық тәуекеліне назар аударып, Үкімет пен бақылаушы органдарға тиісті шаралар әзірлеуді тапсырған.

Қазатомөнеркәсіп басшылығының өкіліне қатысты тергеу стратегиялық кәсіпорындардағы корпоративтік басқару, ішкі бақылау және жоғары лауазымды қызметкерлердің жауапкершілігі мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды. Әсіресе миллиардтаған теңге айналымы бар ұлттық компаниялардағы қаржылық операцияның ашықтығы, басқарушылық шешімдердің заңдылығы және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерінің тиімділігі өзекті болып отыр.

Қуаныш Омарбековке және іске қатысы бар өзге адамдарға қатысты түпкілікті құқықтық бағаны сот береді. Заңды күшіне енген сот үкімі шыққанға дейін олардың кінәсіздік презумпциясы сақталады.

Барлық жаңалық