Қоғам

«Мамам үшін бәрін жасаймын дейтін»: Ақтөбеде қаза тапқан Расулдың әріптесі жазба жариялады

«Мамам үшін бәрін жасаймын дейтін»: Ақтөбеде қаза тапқан Расулдың әріптесі жазба жариялады

Ақтөбеде анасы жол апатынан қаза тапқаннан кейін көз жұмған Расул Бақтыбайдың әріптесі әлеуметтік желіде марқұм туралы естелігін бөлісті. Ол жігіттің балалармен жұмыс істегенін, еңбекқор әрі жауапкершілігі жоғары болғанын жазған, деп хабарлайды Ozgeris.info.

«Назгүл ханыммен бір дастарханлас болып, дәмдес болған едік. Ал ұлы Расул біздің орталықта АФК маманы болып еңбек етті. Жұмысқа деген ынтасы жоғары, өте еңбекқор, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын бала еді», – деп жазды ол.

Әріптесінің айтуынша, Расул ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеп, олардың дамуына үлес қосқан.

«Балаларды өз бауырындай қабылдап, әрқайсысына шын жүрегімен мейірімін төгетін. Жүрегі таза, ақ көңіл, ешкімге жаман ойы жоқ жан еді», – делінген жазбада.

Автор Расулдың анасына деген құрметі мен махаббаты ерекше болғанын да атап өтті. Оның сөзінше, жігіт «Мамам мен үшін бәрін жасады, енді мен мамамның бар жағдайын жасаймын» деп жиі айтқан.

«Біз ешкімді айыптап, ешкімнің сөзіне баға бергіміз келмейді. Біз Расулды өз ортамызда танылған қалпында еске аламыз. Біз оның жақсы жақтарын көрдік, еңбегін бағаладық, балаларға деген мейіріміне куә болдық», – деп жазды әріптесі.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Расулдың анасы Назгүл Қантөренова 23 қарашада Қандыағаш – Шалқар тасжолындағы жол апатынан қаза тапқан. Полиция ұлының сол күні өзіне қол жұмсағанын растаған.

Барлық жаңалық