Шығыс Қазақстан облысында балық аулауға шыққан үш ер адам суға батып, қаза тапты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қайғылы оқиға Шемонаиха ауданына қарасты Зевакино ауылының маңында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, үш азамат өзендегі мұздың үстіне шығып, балық ауламақ болған. Алайда мұз толық қатып үлгермегендіктен, үшеуі де суға түсіп кеткен.
Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға кезінде 1984, 1960 және 1967 жылы туған ер адамдар қаза тапқан. Үшеуінің де денесі судан шығарылды.
Сондай-ақ марқұмдардың ешқайсысы құтқару кеудешесін кимегені анықталды. Мамандар тұрғындарды жұқа мұз үстіне шықпауға шақырды.