Қазақстан футболының басты үміті Дастан Сәтпаев Лондондағы алғашқы маусымалды дайындықты бастап кетті. 18 жасқа енді толатын шабуылшы үшін алдағы бірнеше апта бүкіл мансабын анықтайтын кезең болуы мүмкін. «Челсидің» жаңа бас бапкері Хаби Алонсо оған мүмкіндік бере ме? Әлде жас талант тәжірибе жинау үшін Францияның «Страсбургіне» аттана ма? Бұл сұрақ қазір қазақстандық жанкүйерлерді ғана емес, ағылшын баспасөзін де қызықтырып отыр.
Алғашқы жоспар қандай?
Ағылшын БАҚ-тарының мәліметінше, Дастан алдымен толыққанды маусымалды жиынға қатысады. Хаби Алонсо оны жеке көріп, деңгейін бағалағаннан кейін ғана шешім қабылдайды. Сондықтан әзірге оның негізгі құрамда қалатыны да, жалға кететіні де нақты емес. Бұл – «Челсидің» соңғы жылдардағы саясаты. Клуб жас футболшыны бірден жалға жібермей, алдымен негізгі құраммен жұмыс істетіп, жаттықтырушылар штабының бағасын алады. Дастан Сәтпаев Хаби Алонсоның жоспарына кіре ме, оны уақыт көрсетеді.
Реал Сосьедадқа қарсы ойнауы мүмкін бе?
Маусымалды кездесулердің басты мақсаты – нәтижеден бұрын ойыншыларды тексеру. Егер Дастан толық дайын болса және жаттығуда өзін жақсы көрсетсе, «Реал Сосьедадқа» қарсы кездесуде бірнеше минут алуы әбден мүмкін. Бірақ оның негізгі құрамда шығуына кепілдік жоқ.
Хаби Алонсоның бапкерлік философиясын ескерсек, ол жастарға мүмкіндік береді. «Байерде» Вирц, Телла, Инкапье сияқты ойыншыларды жүйелі дамытты. Сондықтан Сәтпаевты да бірнеше матчта сынап көруі ықтимал. Бірақ “Реал Мадрид” сапында Эндрикке мүмкіндік бермегенін ұмытпаған абзал.
Челсидегі бәсекелестік өте ауыр
Дастанның басты мәселесі – талант емес, бәсекелестік.Бүгінгі таңда аристократтар сапында Палмер, Педро, Делап,Нету, Гиттенс, Кенда, Джексон сынды шабуыл шебіндегі талантты ойыншылар бар. Олардың барлығы Премьер-лигада немесе Еуропаның үздік чемпионаттарында тәжірибе жинаған.
18 жастағы қазақстандық үшін мұндай бәсекеде бірден негізгі құрамнан орын алу өте қиын. Егер Ағылшын Премьер лигасын әлемдегі ең қиын турнир ретінде алар болсақ, Дастанға біраз тер төгуге тура келеді.
Страсбургке жалға кеткен дұрыс па?
Футбол тұрғысынан қарасақ, бұл ең тиімді сценарий болуы мүмкін. «Страсбург» – «Челсидің» фарм-клубы. Ол жердегі тұрақты ойын уақыты, Франция чемпионатының жоғары деңгейі Дастанға еуропалық футболға бейімделуге, физикалық дамуға септігін тигізеді.Егер отандасымыз аптасына 90 минут ойнап тұрса, бұл оның дамуына негізгі құрамда орындықта отырғаннан әлдеқайда пайдалы. Сондықтан көптеген ағылшын сарапшылары дәл осы нұсқаны ең ықтимал шешім деп бағалап отыр.
Әлде Челсиде қалғаны дұрыс па?
Бұл жерде бір ғана шарт бар. Егер Хаби Алонсо оған нақты жоспар ұсынып, кубок ойындары, еурододаларға қатысуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ротация ойыншысы болса да, қазақ футболы үшін жағымды жаңалық болар еді. Отандық спорт порталдарының ақпаратына сүйенсек, “Челсидің” экс-ойыншылары Дидье Дрогба мен Иванович Сәтпаевтың ойынына жоғары баға беріп, лондондық клуб сапында қалғаны дұрыс депті. Ал егер бүкіл маусымды U-21 құрамында өткізсе немесе тек жаттығумен шектелсе, оның дамуы баяулауы мүмкін.
Хаби Алонсо ротация ойыншысы ете ала ма?
Теориялық тұрғыдан – иә. Практикада – бұл оның маусымалды дайындықтағы көрсеткішіне байланысты.Испаниялық маман ойыншының атына емес, қазіргі формасына қарайды. Сондықтан Дастан әр жаттығуда өзін дәлелдеуі тиіс. Егер бас бапкер оның прессингке қатысуын, тактикалық тәртібін және шешім қабылдау жылдамдығын жоғары бағаласа, кубок матчтарында мүмкіндік тууы мүмкін. Дастан негізінен өз позициясын таппаған ойыншы. Ойындарын бақылай келе, сол жақтағы шабуылдаушы немесе плеймейкер қызметін жақсы атқаратын іспетті. Әрине жас футболшының қай тұсы мықты екенін Хаби Алонсо ғана айтады.
Адаптация қалай жүріп жатыр?
Қазірдің өзінде клуб оған арнайы бейімделу бағдарламасын дайындаған. Бұл жерде ағылшын тілін меңгеруі маңызды. Сонымен қатар тұрмыстық бейімделу, тамақтану, жеке физикалық бағдарлама, психологиялық қолдау өз деңгейінде қарастырылған. «Челси» мұндай жүйені Эстевао, Кенда және басқа жас футболшыларға да қолданады.
Тіл үйрену қиын бола ма?
Бұл үлкен проблема болмайтын сияқты. Себебі Дастан бірнеше жылдан бері халықаралық ортада ойнап келеді. Десе де клуб ішінде аудармашылар қарастырылған. Ал футболдың өз тілі – жаттығу, қозғалыс және тактика. Сондықтан алғашқы айларда қарапайым футбол терминдерін меңгеруі жеткілікті.
Палмер және басқа ойыншылармен қарым-қатынасы
Әлеуметтік желілерде Сәтпаевтың алғашқы жаттығуларынан кейін бірнеше командаласының пікір қалдырғаны байқалды. Бұл оның ұжымға жылы қабылданғанының белгісі ретінде бағалануда. Дегенмен, клуб ішінде нақты кіммен жақын араласатыны туралы ресми ақпарат жоқ, сондықтан бұл кезең туралы нақты қорытынды жасауға ерте.
Премьер-лигада ойнау қаншалықты қиын?
АПЛ – әлемдегі ең қарқынды чемпионат. Мұнда шабуылшыдан жоғары жылдамдық, күшті физика, қысым астында дұрыс шешім қабылдау, прессингті күтеді. Сонымен қатар бұл лигада шабуылшыларға қорғаныста көмектесу қажет. Қазақстан чемпионатынан кейін бірден осы деңгейге бейімделу оңай болмайды. Тіпті әлемнің ең дарынды футболшыларының өзі алғашқы маусымда қиындық көреді.
Челси бұрынғы деңгейіне қайта орала ма?
Хаби Алонсоның келуімен клуб жаңа жоба бастауда.Испаниялық маман позициялық футболды ұнатады. Команда ішіндегі атмосфера маңызды. Егер клуб трансфер саясатын тұрақтандырса және негізгі құрам сақталса, «Челси» қайтадан Англиядағы чемпиондыққа таласатын ұжымға айналуы мүмкін. Бірақ бұл бір маусымда шешілетін мәселе емес.
Дастанның Еуропадағы жолы қалай болуы мүмкін?
Қазіргі жағдайға қарап бірнеше сценарийді атауға болады.
Бірінші сценарий (ең ықтимал):
маусымалды жиыннан кейін «Страсбургке» жалға барып, толық бір маусым ойнайды.
Екінші сценарий:
«Челсиде» қалып, кубоктар мен ротацияда мүмкіндік алады.
Үшінші сценарий:
маусымның бірінші жартысын Лондонда өткізіп, қыста жалға кетеді.
Қазіргі ақпараттарға сүйенсек, бірінші және үшінші нұсқалардың ықтималдығы жоғарырақ.
Дастанға қысым жасаудың қажеті жоқ
Дастан Сәтпаевтың алдында Қазақстан футболында бұрын-соңды болмаған мүмкіндік тұр. Бірақ «Челсиге» ауысудың өзі мақсат емес – негізгі сынақ енді басталады. Хаби Алонсоның сеніміне кіру, Премьер-лига деңгейіне бейімделу және әлемдік деңгейдегі шабуылшылармен бәсекелесу оңай болмайды. Сондықтан қысқа мерзімде жалға кету оның мансабы үшін сәтсіздік емес, керісінше Еуропада орнығудың ең дұрыс қадамы болуы мүмкін.Дастан күллі қазақ жанкүйерлері бақылап отырғанын біледі. Әлеуметтік желідегі жазбалар, бір жағынан қолдау болғанымен, екінші жағынан оған қысым болуы мүмкін.Егер ол тұрақты ойын тәжірибесін жинап, даму қарқынын сақтаса, бірнеше жылдан кейін «Стэмфорд Бриджде» Қазақстаннан шыққан тұңғыш тұрақты ойыншылардың біріне айналуға толық мүмкіндігі бар.