Қоғам

Астананы егеуқұйрық пен жәндік жайлаған: Жаңа үйлердегі мәселенің артында не тұр?

Астананы егеуқұйрық пен жәндік жайлаған: Жаңа үйлердегі мәселенің артында не тұр?

Жаз басталғалы Астананың әр ауданынан тұрғындардың шағымы жиілей түсті. Бірі тұрғын үй кешендерінің ауласында егеуқұйрықтардың емін-еркін жүгіретінін видеоға түсірсе, енді бірі подъездерде тарақан, қоңыз және басқа да жәндіктердің көбейгеніне алаңдайды. Әсіресе жаңа салынған тұрғын үй кешендерінің тұрғындары әлеуметтік желілерде мәселені жиі көтеріп келеді. Бұл шынымен қауіпті жағдай ма, әлде маусымдық құбылыс па? Кім жауапты? Әкімдік не дейді? Тұрғын үйлерге жауапты мамандар не істеуі тиіс? Мамандар қандай қауіп барын айтады? Ozgeris.info тілшісі қаптаған сұрақтың жауабын іздеп көрді. 

Неге дәл қазір көбейді?   

Мамандардың айтуынша, көктем мен жаз – кеміргіштердің де, көптеген жәндіктердің де ең белсенді кезеңі. Бірақ биыл тұрғындардың шағымының көбеюіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Біріншіден, қала қарқынды салынып жатыр. Құрылыс кезінде жер астындағы індер бұзылып, кеміргіштер жаңа мекен іздейді. Соның салдарынан олар тұрғын үйлердің маңына, жертөлелерге және қоқыс алаңдарына көшеді. Мұндай жағдай әсіресе жаңа ықшамаудандарда жиі кездеседі. Екіншіден, жазда азық-түлік қалдықтарының көбеюі, контейнерлердің уақытылы тазаланбауы және жертөлелердің ылғал болуы жәндіктер мен кеміргіштердің көбеюіне қолайлы орта қалыптастырады.  

Ал көпқабатты үйлердегі жауапкершілік кімде?  

Көпшілік тұрғындар аулада немесе кіреберістен егеуқұйрық көрсе, бірден әкімдікке шағымданады. Алайда санитарлық талаптарға сәйкес тұрғын үйдің жертөлесі, кіреберісі, техникалық қабаттары мен үйдің ішкі аумағына арнайы сервистік мекемелер жауап береді. Осыған қатысты елордадағы белгілі бір тұрғын-үй кешеніне жауапты мамандардың жауабы мынадай:

Арнайы мекемлердің мәліметінше, байқалған жәндіктер – ағаш қоңыздары. Қалыптан тыс ыстықтың әсерінен топырақ қатты қызғандықтан, қоңыздар жер бетіне жаппай шығып жатыр. Сонымен қатар, оларды жел ұшырып әкетеді. Астана қаласының айналасында орналасқан Жасыл белдеуге байланысты қоңыздар қала аумағына да жетуі мүмкін. Бұл қоңыздар топырақтағы табиғи үдерістерге қатысады және адамдарға қауіп төндірмейді. Олар тұрғын үй-жайларда өмір сүрмейді әрі көбеймейді. Ауа температурасы төмендеген сайын олардың саны азайып, табиғи түрде жойылады. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ.   

Қоқыс алаңы ғана кінәлі ме?  

Көпшілік егеуқұйрықтардың негізгі себебі ретінде қоқыс контейнерлерін атайды. Бірақ әкімдік мамандары бұған толық келіспейді. Олардың айтуынша, қоқыс алаңы көбіне кеміргіштердің қоректенетін орны ғана. Ал негізгі мекені – жертөлелер, жер астындағы індер, инженерлік желілер, құрылыс алаңдары.Сондықтан тек контейнерді жуумен мәселе шешілмейді. Кешенді жұмыс қажет. Ал эколог Гүлсезім Орынғалидың айтуынша, тұрғын үй аулаларында егеуқұйрықтар мен жәндіктердің көбеюінің алдын алу үшін ең алдымен санитарлық талаптардың сақталуына ерекше көңіл бөлінуі қажет. 

«Бірінші кезекте қоқыс уақытылы шығарылып, контейнерлердің қақпағы әрдайым жабық болуы тиіс. Себебі егеуқұйрықтар мен түрлі жәндіктер ең алдымен тамақ қалдықтары жиналатын жерлерге келеді. Екіншіден, тұрғын үйлердің жертөлелерін (подвалдарын) тұрақты түрде тексеріп отыру қажет. Егер жертөле ылғал болса немесе кәріз және су құбырларында ақаулар болса, бұл қоңыздар мен басқа да зиянкестердің көбеюіне қолайлы орта қалыптастырады. Тіпті жертөледегі ылғалдылықтың салдарынан маңайда жүрген мысықтар арқылы бүргелердің де көбею қаупі артады. Сондықтан тұрғындардың өздері де тазалықты сақтауы маңызды. Сонымен қатар ОСИ (мүлік иелері бірлестігі) мен қызмет көрсетуші ұйымдар бұл мәселеге бейжай қарамай, бірлесіп жұмыс істеуі керек. Дезинфекция және дератизация жұмыстары бір рет қана емес, бірнеше кезеңмен жүйелі түрде жүргізілгені дұрыс. Егер мәселе шешілмесе, тұрғындар аудан әкімдігіне және санитариялық-эпидемиологиялық қызметке шағымдана алады», – дейді эколог.

Осы мәселе бойынша дабыл қаққан Астана қаласының тұрғынымен байланысқа шықтық. 

«Мен Алматы мен Түркістан көшелерінің қиылысындағы тұрғын үй кешенінде тұрамын. Қаланың қақ ортасы болғандықтан, бұрын кешкі уақытта еш алаңсыз кіріп-шығып жүретінмін. Алайда соңғы екі кеш қатарынан үйдің ауласынан егеуқұйрық көргеннен кейін қараңғы түскен соң сыртқа шығуға қорқатын болдым.Егеуқұйрықтардың табиғаттың бір бөлігі екенін түсінемін. Бірақ олардың тұрғын үй аулаларында емін-еркін жүруі қалыпты жағдай емес. Бұл жерде күн сайын балалар ойнайды. Оның үстіне егеуқұйрықтардың түрлі жұқпалы аурулар мен вирустардың тасымалдаушысы екені белгілі. Сондықтан мұндай жағдай тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызады. Құрбыларымның айтуынша, Абу Даби Плаза сауда орталығының артындағы саябақта да егеуқұйрықтар жиі кездеседі. Олар да бірнеше рет кеміргіштерді көргендерін айтты. Қаладағы қоқыс алаңдарында кеміргіштердің болуы белгілі бір деңгейде түсінікті шығар. Бірақ елорданың дәл орталығындағы тұрғын үйлердің аулаларында олардың көбеюі алаңдатарлық жағдай деп есептеймін. Құзырлы мекемелер бұл мәселеге назар аударып, кеміргіштермен күресу жұмыстарын күшейтсе екен дейміз. Қазірдің өзінде көптеген тұрғын алаңдап жүр. Өз басым егеуқұйрықтардан қатты қорқамын, сондықтан кешкі уақытта сыртқа шығудан қалдым», – дейді қорыққан тұрғын.

Жәндіктер неге жаңа үйлерде көбейеді?  

Дезинфекция мамандары бірнеше себепті атайды. Жаңа үйлерде:

  • құрылыс қалдықтары ұзақ уақыт шығарылмайды;
  • жертөлелер толық кеппейді; 
  • кәріз жүйесінде ақаулар кездеседі;
  • техникалық қабаттар жиі ашық тұрады.

Мұндай орта тарақан, шыбын, құмырсқа және басқа да жәндіктер үшін өте қолайлы. Егер бір пәтерде ғана емес, бірнеше қабатта байқалса, жеке пәтерді емес, бүкіл үйді өңдеу қажет. Қазақстанның санитарлық талаптарына сәйкес, жәндіктер нысанның 20%-дан астам аумағында анықталса, толық дезинсекция жүргізілуі тиіс.  

Бұл адам денсаулығына қаншалықты қауіпті?  

Мамандардың айтуынша, егеуқұйрықтар ондаған түрлі жұқпалы ауру қоздырғыштарын тасымалдауы мүмкін. Сонымен бірге олар:

  • азық-түлікті ластайды;
  • электр сымдарын кеміреді;
  • өрт қаупін арттырады;
  • аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін.

Ал тарақан мен басқа жәндіктер түрлі бактерияларды таратып, әсіресе балалар мен иммунитеті әлсіз адамдар үшін қауіп төндіреді. Сондықтан дератизацияның мақсаты – оларды толық жою емес, аурулардың таралу қаупін азайту.  

Мәселе бір реттік акциямен шешілмейді  

Сарапшылардың пікірінше, дератизация мен дезинсекцияны жылына бір рет өткізу жеткіліксіз. Қаладағы құрылыс қарқыны, халық санының артуы және климаттың өзгеруі санитарлық жұмыстарды тұрақты жүргізуді талап етеді. Сонымен қатар тұрғындардың санитарлық мәдениетін арттыру маңызды. 

Әлем бұл мәселемен қалай күресіп жатыр?  

Астанадағы жағдай ерекше емес. Егеуқұйрықтар мен зиянкестердің көбеюі – Нью-Йорк, Париж, Сингапур, Лондон сияқты ірі мегаполистердің де ортақ мәселесі. Алайда әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мәселе улы дәрі себумен ғана шешілмейді. Ең тиімді тәсіл – санитарлық тазалық, тұрғындардың жауапкершілігі және жүйелі бақылауды қатар жүргізу. Нью-Йорк жылдар бойы әлемдегі «егеуқұйрықтар қаласы» деген атақпен күресіп келеді. 2023 жылы қала мэрі Эрик Адамс арнайы Rodent Mitigation Director («егеуқұйрықтармен күрес жөніндегі директор») қызметін енгізді. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл лауазымды бейресми түрде «Rat Czar» деп атады.

Қала билігі бірнеше маңызды шешім қабылдады:

  • оқыс пакеттерін көшеге қоюдың орнына жабық контейнерлерге көшу;
  • егеуқұйрық көп жиналатын аудандарды жеке бақылауға алу;
  • тұрғындардың 311 қызметіне түскен шағымдарын картаға түсіру;
  • жертөлелерді, саябақтарды және құрылыс алаңдарын тұрақты тексеру;
  • тұрғындарға арналған Rat Academy атты тегін оқыту бағдарламаларын өткізу.

Нәтижесінде арнайы бақылау аймақтарында егеуқұйрықтарға қатысты шағымдардың азайғаны тіркелді.

Париж: «Бұл тек әкімдіктің емес, бүкіл қоғамның мәселесі».

Парижде де егеуқұйрықтар мәселесі бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түскен жоқ. 2017 жылдан бастап қала кешенді іс-қимыл жоспарын қабылдады. Оның ерекшелігі – улы дәрімен өңдеумен қатар: көшелерді жиі тазалау; азық-түлік қалдықтарын азайту; саябақтарды жүйелі бақылау; тұрғындарға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу.  

Париж әкімдігі тұрғындарға қарапайым ереже ұсынды: «Егеуқұйрықтарды тамақтандырмаңыз. Көшеде тағам қалдықтарын қалдырмаңыз. Қоқысты белгіленген орынға ғана тастаңыз».

Өйткені мамандардың пікірінше, кеміргіштердің көбеюінің басты себебі – адамдар қалдыратын тағам қалдықтары.  

Сингапур әлемдегі ең таза қалалардың бірі саналса да, онда да кеміргіштер мен жәндіктерге қарсы күрес тоқтамайды. Бұл елде негізгі назар: азық-түлік сататын орындарды күнделікті тексеруге; қоқысты уақытылы шығаруға; құрылыс компанияларының санитарлық талаптарды сақтауына; тұрғындардың шағымдарына жедел әрекет етуге аударылады.

Санитарлық талаптарды бұзған кәсіпкерлерге айыппұл салынып, қайталанған жағдайда лицензиясынан айырылуы мүмкін. Мұндай қатаң бақылау зиянкестердің жаппай көбеюіне жол бермейді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, егеуқұйрықтар мен жәндіктер мәселесін бір ғана әкімдік немесе дезинфекция қызметі шеше алмайды.

Негізінен тұрғындардың өтініштерін талдау мен «ыстық нүктелерді» картаға түсіру қай жерде ең алдымен дератизация жүргізу керегін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Ал Париж тәжірибесі мәселені тек улы дәрімен емес, қоршаған ортаны өзгерту арқылы шешуге болатынын дәлелдеді.

Барлық жаңалық