Қостанай облысында болған жол апатынан бір адам қаза тауып, бес адам жарақат алды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қайғылы оқиға Қостанай – Қарабұтақ тас жолында, Жайылма ауылының маңында бүгін таңғы сағат 04:00 шамасында болған. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Chevrolet Cobalt пен Jetour X70автокөліктері соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ал апатқа қатысқан тағы бес адам түрлі дене жарақаттарын алып, медициналық мекемеге жеткізілді.
Аталған дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Қазір жол-көлік оқиғасының нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.