Жаңалықтар

Атыраудағы қаза тапқан отбасы: Әпкесі мен інісі жер қойнына тапсырылды

Атыраудағы қаза тапқан отбасы: Әпкесі мен інісі жер қойнына тапсырылды

11 наурызда Атырау облысында ұзақ іздеу жұмыстарынан кейін мәйіттері табылған Наурыз және Мирамгүл Мұқанғалиевтерді жерлеу рәсімі өтті, - деп хабарлайды ozgeris.info.

Марқұмдардың жаназасы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында өтті. Бұл туралы редакцияға аты-жөнін көрсетпеуді сұраған дереккөз хабарлады. Жерлеу рәсіміне ауыл тұрғындарының басым бөлігі барған.

Туыстары редакция тілшісіне әзірге пікір беруге дайын емес екенін айтып, бұл бүкіл отбасы үшін үлкен қайғы екенін жеткізді.

9 наурыз кешке Атырау маңындағы Геолог шағын ауданынан Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіті табылғаны белгілі болды. Оларды басты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев бұрын жалға алған үйдің ауласынан тапқан.

"Ақ Жайық" басылымы мәліметінше, ер адам Индонезиядан Алматыға жеткізілгеннен кейін кісі өлтіргенін мойындап, мәйіттердің жерленген орнын көрсеткен. Бұған дейін тергеуде тек ата-анасының өлтірілгені туралы дерек болған – олардың мәйіттері қаңтарда Жангелдин ауылындағы сарайдың еденінің астынан табылған.

 

Барлық жаңалық