Қоғам

Ішімдік көп ішетін өңірлер қандай?

Кейінді жылдары Қазақстанда ішімдіктен түбегейлі бас тартқан ауылдар саны артып келеді. Қазірдің өзінде үш облыстағы 100-ден аса елді мекен алкоголь өнімдерін сатпайды да, тұтынбайды. Алайда бұл үрдіске қарамастан, елімізде ішімдікке сұраныс жоғары күйінде қалып отыр. Кейбір өңір тұрғындары жылына ондаған мың теңгесін спирттік ішімдікке жұмсайды, деп жазады Ozgeris.info.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2022-2024 жылдар аралығында ішімдікке ең көп қаражат жұмсаған өңір Шығыс Қазақстан облысы. Мұндағы тұрғындар үш жылда орта есеппен 44 867 теңге жұмсаған. Екінші орында Солтүстік Қазақстан облысы (39 755 теңге), ал үшінші орынға Қарағанды облысы (38 257 теңге) орналасқан. Одан кейін Алматы қаласы (35 895 теңге) мен Павлодар облысы (34 577 теңге) келеді.

Ал керісінше, ішімдікке ең аз қаражат жұмсайтын оңтүстік және батыс өңірлер. Мәселен, Түркістан облысында бұл көрсеткіш бар болғаны 11 мың теңге шамасында. Сондай-ақ Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы да ішімдікке ең аз қаражат жұмсайтын өңірлердің қатарында.

Қазақстандықтардың ең жиі тұтынатын ішімдігі сыра. 2022 жылы ел бойынша 755 миллион литрден астам сыра сатылған. Екінші орында  арақ және ликер-арақ өнімдері (92 миллион литр), одан кейін  шарап (шамамен 49 миллион литр). Сонымен қатар халық коньяк, алкогольді коктейль, шампан және вермут секілді өнімдерді де тұтынады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 15 жастан асқан бір адам жылына орта есеппен 5,4 литр таза этил спиртін тұтынады. Бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден төмен болғанымен (шамамен 6,2 литр), ДДСҰ мұны денсаулыққа қауіпті деңгей деп санайды. Өйткені 5 литрден жоғары тұтыну  бауыр, жүрек-қан тамырлары ауруларына және онкологиялық, психикалық дерттердің көбеюіне әкеп соғуы мүмкін.

Ал ел арасында ішімдіктен жаппай бас тарту үрдісі күшейіп келеді. Мәселен, Ақтөбе облысының Темір ауданында бірден жеті ауыл спирттік өнімдерден бас тартса, Қызылорда облысында 18, Атырау облысында 53 ауыл алкоголь сатпайды. Кейбір ауылдарда соңғы үш жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. 

 

Барлық жаңалық