Маңғыстау облысы

Ақтауда полицейлерді балағаттаған жасөспірімге сот үкім шығарды

Ақтауда полицейлерді балағаттаған жасөспірімге сот үкім шығарды

Маңғыстау облысында TikTok-та полицейлерді қорлап, видеосын жариялаған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты деп жазады Оzgeris.info. Бұл туралы Маңғыстау облыстық соты хабарлады.

 

21 тамыз күні Ақтауда патрульдік полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмірсіз мотоцикл айдап жүрген жасөспірімді тоқтатқан. Тәртіп сақшылары мотоциклді айыптұрағына жеткізу үшін тәркілемек болған кезде бала оларды «мусор» деп балағаттап, қорлаған. Кейін ол осы әрекеттің видеосын TikTok желісіне жүктеген.Осы фактіге байланысты жасөспірімге «Билік өкілін қорлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның ата-анасы да әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 

Кейін жасөспірім желіде жеке видеосын жариялап, көпшілік пен полицейлерден кешірім сұрады.

 

Сот отырысы кезінде прокурор жасөспірімге 30 сағат қоғамдық жұмыс тағайындауды сұрады. Ол өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, жазаны жеңілдетуді өтінген. Қорғаушысы да осы позицияны қолдады.Сот жасөспірімнің кәмелетке толмағанын, бірінші рет жауапқа тартылып отырғанын, кінәсін мойындауын және мінез-құлқының оң сипаттамасын ескерді. Ешқандай ауырлататын жағдай анықталмаған.

 

Соттың шешімі бойынша жасөспірім ҚР ҚК 378-бабының 2-бөлігі («Билік өкілін қорлау») бойынша кінәлі деп танылып, 30 сағат қоғамдық жұмысқа міндеттелді.

Барлық жаңалық