Риддер қаласында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларға арналған Мәңгілік алауды қорлау фактісі бойынша тергеу басталды. Қасиетті орынның жанынан қуырылған тауықтың қалдықтары табылып, бұл жайт жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын тудырды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оқиға таңертең белгілі болған. Қала тұрғыны Мәңгілік алау маңынан жартылай күйген тауық етін көріп, суреттерін әлеуметтік желіге жариялаған. Ол дереу бұл жағдай туралы полицияға және әкімдікке хабарлап, ескерткіштің қалайша мұндай күйге түскенін сұрады.Коммуналдық қызметкерлер оқиға орнына келіп, қалдықтарды тазалады. Ал полиция бұл әрекетті «қорлау» ретінде тіркеп, құқықбұзушыларды анықтау үшін тергеп-тексеруді бастап кетті.
Полиция департаментінің мәліметінше, қазір аумақты тексеру, бейнебақылау жазбаларын қарау, куәгерлерден жауап алу сияқты кешенді шаралар жүргізіліп жатыр.Құқық қорғаушылар азаматтарды заңды бұзбауға шақырып, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорлаудың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
Өңірлік полиция кез келген заңсыз әрекет қатаң түрде тоқтатылатынын, кінәлілер жазаланатынын атап өтті.