Қазір ел ішінде бір қызық жағдай бар. Адамдар несие алады, ай сайын төлейді, бірақ қарыз азаймай тұрғандай көрінеді. Көбі «неге менің төлемімнің көбі пайызға кетеді» деп ренжиді. Біреу ай сайын көбірек төлейін десе, енді бірі қосымша ақша қосса да пайдасын көрмей жатады. Ал шын мәнінде несиені тиімді жабудың өз тәртібі бар. Сол жайында банк сарапшысы Ақгүл Кемал кеңірек айтып берді, деп жазады Ozgeris.info.
Ақгүл Кемалдың айтуынша, несие мерзімін қысқарту – ең тиімді тәсіл. Бірақ жұрттың көбі бұл жолды дұрыс түсінбейді. Сарапшы ең әуелі негізгі қарызды қашан, қалай төлеу керектігін түсіндіріп береді.
«Несиені өтейтін адам ай сайынғы төлейтін сомадан бөлек негізгі қарызға арналған қосымша ақша қоссақ мерзімін қысқарту және үстемеақыны азайту мүмкін болады. Ал ай сайынғы төлемді үлкейту арқылы несие азаяды деп ойлау қате. Бұл тиімсіз. Мерзімді қысқарту үшін банкке барып немесе қосымша арқылы арнайы өтініш беру керек», дейді ол.

Сарапшы нақты мысал келтіреді. Айталық, клиент әр айдың 17 күні 184 мың теңге төлейді. Сол күні ол негізгі қарыздан бөлек жинап жүрген ақшасын қосса, мерзім айтарлықтай қысқарады. Себебі дәл төлем жасалған күн негізгі қарыздың жұмыс істейтін уақыты.
Ақгүл Кемал осы жайында ойын одан әрі жалғайды:
«Көп адам ай сайынғы төлемін азайтқысы келіп, соған өтініш береді. Бірақ бұл жерде ешқандай пайда жоқ. Ай сайынғы төлемді азайтқаннан клиент ұтпайды. Өйткені қарыз да, төленетін пайыз да бұрынғы қалпында тұрады. Сондықтан әр клиент төлем жасайтын күнін біліп, сол күні артық ақшасын мерзімін қысқартамын деп банкке өтініш жазуы тиіс. Кей банктердің қосымшасында бар. Бірақ көбінде банк бөлімшесіне барып жазған дұрыс. Себебі ол жерде қанша ай қысқарады, қанша пайыз үнемделеді барлығы нақты есептеліп түсіндіріледі. Сол кезде адамда нақты жоспар пайда болады».
Кей азаматтар төлем күнінен кейін барып ақша қоса салуға тырысады. «Бір күннің айырмасы шамалы шығар, пайыз қатты жиналып үлгермейді» деп ойлайды. Алайда сарапшы бұл пікірмен келіспейді.
«Біздің мақсатымыз халықтың әр тиыны өз қалтасында қалу. Мысалы кей айларда 184 мың теңгенің тек 2 мың немесе 4 мың теңгесі ғана негізгі қарызға кетеді. Қалған ақша түгел банк сыйақысына кетіп жатыр. Сол үшін төлем жасалатын күні артық ақша қоса салған дұрыс. Бір күн кешіктірудің өзі тиімділікті азайтады», дейді ол.

Сарапшы бүкіл жүйенің қалай жұмыс істейтінін сандармен түсіндіреді. Мысалы, адам айына 50 мың теңге төлеп жатқан болсын. Оның 10 мың теңгесі ғана негізгі қарызға түседі. Ал қалған 40 мың теңге таза сыйақыны жабуға кетеді. Яғни алғашқы жылдары төлемнің басым бөлігі банктің үстемеақысын өтеуге жұмсалады. Сондықтан негізгі қарыз баяу азаяды. Сол себепті мерзімді қысқарту – ең ұтымды жол.
Осы жерде ең жиі жіберілетін қателікке тоқталайық. Көпшілік ай сайынғы төлемді қысқартсам жағдайым жеңілдейді деп ойлайды. Бірақ бұл уақытша ғана сезілетін жеңілдік. Жалпы қарыз да, пайыз да өзгермейді. Ал мерзімді қысқартқанда екі маңызды нәрсе болады. Біріншісі – қарыз тез азаяды. Екіншісі – пайыздық шығын едәуір төмендейді.
Қорытындылай айтқанда, несиені тиімді азайтудың кілті – төлем жасалатын күні қосымша ақшаны негізгі қарызға бағыттау. Бұл тәсіл үш нәтиже береді:
1. Негізгі қарыз тез азаяды
2. Мерзім қысқарады
3. Төленетін пайыз айтарлықтай кемиді
Ал ай сайынғы төлемді қысқарту – еш пайдасы жоқ қадам. Ол тек төлем көлемін өзгерткенмен, қарыздың өзін де, пайызды да төмендетпейді.