Қазақстанда жалған дипломдар нарығы өршіп тұр. Аталмыш қызмет түрін ұсынатын сайттар мен ресурастар әлі күнге дейін қарқынды жұмыс жасап келеді. Бұл схема қалай жұмыс істейді? Неге әлі күнге дейін бақылау жоқ? Киберқылмыспен күрес үшін мемлекет қыруар ақша бөледі, ал нәтиже жоқ. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Жаз мезгілі келді. Бұл мектеп түлектері мамандық таңдап, жоғары оқу орындарына құжат тапсыратын шақ. Дәл осы кезеңде жалған дипломдар саудасы қыза түседі. Қазір интернет арқылы диплом сатып алу мүлдем қиын емес. Google арқылы «Қазақстан диплом сатып алу» деген сұраныс енгізсеңіз, алғашқы екі бетте бірден 11 сайтты табуға болады. Олар білімге апарар жолды қысқартып, бірден диплом алуды ұсынады. Тек жеке мәліметтеріңізді толтырып, қажетті мамандық пен ЖОО атауын көрсетіп, ақшасын төлесеңіз жеткілікті.
Жалған диплом мәселесі бұрыннан айтылып келе жатыр. Жыл сайын сатып алынатын жалған диплом деректері анықталып отырады. Мысалы, 2021 жылы Батыс Қазақстанда жалған дипломмен он жыл бойы адам емдеген медбике анықталды. 2022 жылы PhD ғылыми дәрежесін растайтын жалған дипломдарды беру схемасы әшкереленді. Ал 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзінің ұлттық есебінде еліміздің 19 ЖОО-сына тексеру жүргізіп, Ұлттық білім беру дерекқорында тіркелгенімен, университеттердің өз базасында аты-жөні мүлде жоқ 2733 адамның бар екенін хабарлады. Нәтижесінде он жоғары оқу орнында бітірушілер санының екі есе өсімі тіркелген. Мәселен, 2020 жылы 24 мың адам бітірсе, 2021 жылы-45 мың, 2022 жылы-49 мың болған. Кейбір университеттерде бұл көрсеткіш тіпті төрт есеге артқан. Мысалы, Шымкент университетінде 2020 жылы 2000 студент диплом алса, 2021 жылы – 8000 түлек тіркелген. Бұл Антикор есебінде келтірілген дерек.
Агенттік ресми түрде берілмеген 1143 жалған дипломды анықтаған. Оның 1028-і білім беру саласында жұмыс істейтіндерге тиесілі, 78-і денсаулық сақтау саласына, 31-квазимемлекеттік секторға, ал 6-мемлекеттік қызметкерлерге қатысты болған. Кейбір құжаттарда PhD және бейіндік доктор дәрежелері көрсетілген.
Айта кету керек, жалған диплом жасап, оны қолдану Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабымен реттеледі. Егер адам жұмысқа жалған құжатпен орналасқан болса, ол 40 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Ал мұндай құжаттарды жасағандарға 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Дегенмен, кей жағдайда іс тек айыппұлмен шектелуі мүмкін. 1000 айлық есептік көрсеткіш, яғни 4 миллион теңге.
Журналистер диплом сататын бірнеше сайтты тексерген. Барлығы бір тәсілмен жұмыс істейді. Мұның артында бір ғана ұйымдасқан топ тұрғаны сезіледі. Олар тек қазақстандық емес, Ресей, Украина, Еуропалық одақ елдері, Молдова, Қырғызстан, Қытай, Латвия, Литва және Тәжікстан университеттерінің жалған дипломдарын да сатады екен. Төлемдер банк картасына жүргізіледі.
Сатып алушыларға заманауи форматтағы, мемлекеттік үлгідегі бланкіде жасалған құжаттар уәде етіледі. Қазақстандағы ең ірі университеттердің жалған дипломдары ұсынылады: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Сагадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті, Yessenov University және басқалар. Тіпті ғылым кандидаты, ғылым докторы, PhD дипломдарын да сатып алуға болады.
Кей сайттарда былай делінген (үзінді):
«Егер өз мамандығыңыз бойынша жұмыс істей білсеңіз, тәжірибелік дағдыңыз болса, бірақ уақтылы құжат ала алмасаңыз біздің компания Қазақстанда дипломды тиімді бағамен алуға көмектеседі».
Кейбір сайттар ЕО елдерінің, Қытайдың, Молдованың, Қырғызстанның және басқа да елдердің дипломдары сатылатынын жазған. Бірақ сатушылардың барлығы бірдей дипломды ресми тіркеуге уәде бермейді. Кейбірі ашық түрде: бұл жай ғана «галочка үшін» және сатып алушы жалған екенін толық түсініп сатып алады дейді.
Бағаларға келсек. Жалған дипломның бағасы 250 000 теңгеден басталады. Бұл ресми бланкідегі, бірақ дерекқорда тіркелмеген құжат. Ал мемлекеттік тіркеумен және электронды базаға енгізумен бірге рәсімделетін дипломның құны 1 миллион теңгеден жоғары. Ғылым докторы немесе кандидаты дәрежесіндегі құжаттар 300 000 теңгеден басталады.
Дипломның түпнұсқалығын Қазақстанда қалай тексеруге болады? Оған арналған ресми құралдар бар:
1. eGov порталының «Білім беру» бөліміндегі сервис. Мұнда жоғалған дипломның түпнұсқалығын растауға, оның телнұсқасын алуға немесе шетелден алынған білім туралы құжаттың жарамдылығын тексеруге болады.
2. Білім сапасын бағалау жөніндегі ұлттық орталықтың сайтындағы тексеру сервисі. Бұл қызмет арқылы дипломның сериясы, нөмірі және ИИН бойынша шынайылығын тексеруге болады. ИИН міндетті емес, бірақ қосымша параметр ретінде қолданылады.
Проблема ауқымды. Қазір жалған дипломды сатып алу өте оңай. Соған қарамастан, мұндай сайттар әлі күнге дейін бұғатталмаған. Заң бойынша жаза қарастырылғанымен, нақты жазаланғандар сирек. Көлеңкелі нарықтың өркендеуіне билік неге жол беріп отыр? Белгісіз.