Бүгінгі күні ел ішінде: «Банктер ипотекалық несиелеуді тоқтатты ма?» деген сұрақ халықты алаңдатып қойды. Қоғамда тараған әңгіме кездейсоқ емес. Себебі жуырда Қазақстанның қаржы реттеушісі ипотекалық несиелердің ең жоғары мөлшерлемесін 20% деп шектеді. Бұл шешім ипотекалық нарықтың тоқтап қалуына себеп болуы мүмкін бе? Ozgeris.info тілшісі сарапшының пікіріне сүйеніп түсіндіріп көрді.
Нарықтық баға қалай қалыптасады?
Нарықтық экономикада бағаны мемлекет емес, сұраныс пен ұсыныс анықтайды. Егер мемлекет қандай да бір тауардың бағасын шектесе, ол тауардың ұсынысы азаяды, яғни тапшылық пайда болады. Кейін шектеулер алынғанда, тауар бағасы күрт өседі, өйткені нарықтағы ұсыныс жеткіліксіз болады.
Банктер үшін пайыздық мөлшерлеме олардың негізгі тауарының бағасы. Ақша банктің сататын өнімі. Бұл телекоммуникациялық компания үшін тариф қаншалықты маңызды болса, банк үшін пайыздық мөлшерлеме дәл сондай маңызды.
Бірақ Қазақстанда бұл баға қатты бұрмаланып отыр. Себебі мемлекет банктерге ерекше жағдай жасап, ақшаны арзан алуға мүмкіндік береді. Мысалы, ағымдағы шоттарға пайыз төлеуге тыйым салынған, яғни банктер халықтың ақшасын тегін пайдаланып отыр. Сонымен қатар, шетел валютасындағы депозиттерге де 1% шектеу қойылған. Осылайша, банктер ақшаны арзан алып, оны нарықта қымбатқа сатады. Бұл реттеу банктерге шектен тыс табыс табуға жол ашады.
Мемлекет пен банктің қайшылығы
Мемлекет банктердің тегін немесе арзан ресурсқа қол жеткізіп отырғанын көріп, сол себепті ипотекалық несиелерді 20%-дан жоғары беруге болмайды деп есептейді. Мемлекеттің ойынша, болашақта базалық мөлшерлеме төмендейді, демек, ұзақ мерзімді ипотекада банк ақырында пайда табады.
Тәуелсіз сарапшы Ғалым Құсайыновтың пікірінше, банктер басқаша ойлайды.
«Банк үшін басты көрсеткіш базалық мөлшерлеме. Банктер бағаны қалыптастырғанда бірінші кезекте Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне қарайды. Қазір базалық мөлшерлеме 16,5%, ал Ұлттық банк банктерден артық ақшаны 15,5% мөлшерлемемен сатып алып отыр. Бұл нарықтағы ақшаның ең төменгі құны», - деп пікір білдірді ол.
Банктер ипотеканы бұл бағадан төмен бере алмайды. Себебі, олар өз ақшаларын Ұлттық банкке қайтарып берсе де пайда таба алады.
Сонымен қатар, банк әрбір несиеге тәуекел құнын қосады, орта есеппен кемінде 2%. Бұдан бөлек, операциялық шығындар бар, ол тағы 1-2%. Осылайша, ипотекалық несиенің банктер үшін өзіндік құны 18,5-19,5%-ға шығады. Ал 20% шекті мөлшерлемемен берілгенде банктің таза маржасы небәрі 0,5-1,5% ғана болады.
«Бұл өте аз. Сондықтан банктер ипотеканы қаржыландыруға ынтасыз болады. Оның үстіне, банктер үшін тұтынушылық несиелер әлдеқайда табысты, пайыздары жоғары, тәуекелі азырақ, әрі өтімділігі тез», - дейді сарапшы.
Ұзақ мерзімді ақшаның тапшылығы
Біздің елде банктердің ұзақ мерзімді ресурстары жоқ. Қазақстанда ұзақ мерзімді депозит те, ұзақ мерзімді облигациялық бағдарлама да жоқ. Банктердің ақшасы қысқа мерзімді, ал ипотека ұзақ мерзімді өнім.
Тіпті болашақта базалық мөлшерлеме төмендейді деген үміттің өзінде, банктер әрқашан ең нашар сценарийді есептейді. Себебі ставкалар төмендемей, қайта өсуі де мүмкін. Егер банк ұзақ мерзімді, тұрақты ақшамен қамтамасыз етілмесе, ол ұзақ мерзімді ипотеканы қаржыландыруға бармайды.
Бағаны шектеудің салдары қандай?
Банктердің ақша тарту мен несиелеу ставкаларын шектеу бұл нарықты жасанды түрде басқарудейді сарапшы. Нәтижесінде, нарықтың қалыпты жұмысы бұзылады, ресурстар жетіспейді, ал кей салалар толығымен тоқтап қалуы мүмкін. Ақырында бұдан тұтас экономика зардап шегеді.
«Сондықтан ипотекадағы мәселенің түпкі себебі пайыздық шектеулер емес, нарықтық механизмдердің жоқтығы. Қазақстанда баға еркін қалыптасуы керек. Тек осы жағдайда ғана қаржы нарығы теңгерімді жұмыс істейді, банктер де, халық та, экономика да ұтады», - деп түйіндеді маман.