Citigroup сарапшыларының болжамынша, Парсы шығанағындағы Ормуз бұғазы жабылған жағдайда Brent маркалы мұнай бағасы 90 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Ормуз – стратегиялық маңызы жоғары теңіз өткелі. Ол арқылы әлемде өндірілетін мұнайдың шамамен 20%-ы тасымалданады. Сауд Арабиясы, Ирак және басқа да ірі өндірушілердің экспорты осы бағытқа тәуелді. Citigroup есебінше, бұғаз жабылса, күніне 3 миллион баррель мұнай тасымалына кедергі келуі ықтимал.
Агенттік келтірген мәлімет бойынша, жағдай ұзаққа созылмаса да, баға бірден өсіп, нарықта дүрбелең туғызуы мүмкін. Алайда сарапшылар қақтығыс ұзаққа созылмайды деп болжайды. Өйткені бұғаздың ашық болуы жаһандық мүдде.
Иран мұнайының экспорты тежелсе де, бұл фактор бағаға аса қатты әсер етпейді. Бұған дейін де Таяу Шығыстағы шиеленістер мұнай құнын 120 долларға дейін жеткізуі мүмкін деген болжамдар айтылған.
Қазір Brent маркалы мұнай фьючерстері 77 доллар шамасында саудалануда. 19 маусымда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұнай бағасының жоғары болуы Қазақстан үшін тиімді екенін мәлімдеді.