Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру мәселесі қайтадан қоғам талқысына түсті. Соңғы апталарда әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында төменгі жалақы көлемі 150 мың теңгеге дейін өседі деген ақпарат жиі айтылып жүр. Алайда Үкімет әзірге нақты шешім қабылдамағанын мәлімдеді. Билік өкілдерінің айтуынша, мәселе ең алдымен республикалық бюджет мүмкіндігіне байланысты болмақ, деп жазады Ozgeris.info.
Астанада өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл мәселеге қатысты сақ пікір білдірді. Оның айтуынша, қазір арнайы жұмыс тобы ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарау мәселесімен айналысып жатыр.
«Қазір біз осы мәселемен айналысып жатырмыз. Сонымен шұғылданатын арнайы жұмыс тобы бар. Төменгі жалақы көлемін көтереміз бе? Қаншаға дейін көтереміз? Бұның бәрі бюджет мүмкіндігіне байланысты болады», деді министр.
Серік Жұманғарин бұл мәселе бойынша қоғамды алдын ала қуантуға ерте екенін айтты. Себебі кез келген шешім мемлекеттік шығындарға тікелей әсер етеді.
«Қазір 2027-2029 жылдарға арналған үш жылдық бюджет жобасын әзірлеп жатырмыз. Осындай жалақы деңгейінде жұмыс істейтін азаматтарды қуантқым-ақ келеді. Бірақ «иә, көтереміз» деп нақты айту үшін бәрін дұрыстап есептеу қажет. Өйткені оның белгілі бір салмағы бюджетке түседі», деп түсіндірді ол.
Қазір Қазақстандағы ең төменгі жалақы көлемі 85 мың теңге. Бұл көрсеткіш 2024 жылдан бері өзгеріссіз қалып отыр. Осы аралықта елдегі инфляция деңгейі өсіп, ұлттық валютаның сатып алу қабілеті әлсірегені белгілі. Соның салдарынан ең төменгі табыспен күн көретін азаматтардың шығыны айтарлықтай артты. Төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру мүмкіндігі туралы алғашқылардың бірі болып биыл сәуір айында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеген еді. Дегенмен ол да нақты мерзім айтпаған.
Үкіметтің қазіргі ұстанымына қарағанда, қандай да бір өзгеріс болса, ол 2026 жылдың соңына қарай белгілі болуы мүмкін. Себебі келесі үш жылға арналған республикалық бюджет дәстүр бойынша жыл соңында бекітіледі. Брифинг барысында министр ұлттық валютаның нығаюы мен бюджет кірісі туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, теңгенің күшеюі мемлекеттік қазынаға белгілі бір деңгейде оң әсер етіп отыр.
2026 жылғы республикалық бюджетте доллар бағамы 540 теңге деңгейінде есептелген. Алайда әлемдік геосаяси жағдай мен Таяу Шығыстағы қақтығыстар валюта нарығына ықпал етіп, соңғы айларда теңге біршама нығайды. Министрдің мәліметінше, доллар бағамы 510 теңге шамасында болған жағдайда бюджет шығыны 500 миллиард теңгеден асады.
Сәуір айында Қазақстан қор биржасы саудасында доллар бағамы 455 теңгеге дейін төмендеген болатын. Кейін қайта өсіп, 8 мамырдағы саудада шамамен 460 теңге деңгейінде қалыптасты.