Қостанай облысында хирург өзін науқасқа қарау үшін шақырған ординатор бөлмесінде терапевтті ұрып тастаған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қостанай облысының "Құқық қорғау орталығы" қоғамдық бірлестігінің мәліметінше, оқиға 21 желтоқсанда болған. Қостанай аудандық ауруханасының (Тобыл қаласы) терапевт дәрігері шап жарығына күдікпен түскен науқасқа кеңес беру үшін жедел хирургті шақырған.
Хабарламаға сәйкес, хирург телефон арқылы наразылығын білдіріп, кейін әріптесін ординатор бөлмесіне шақырған. Кейін оның басынан, бетінен және мойнынан ұрған. Зардап шеккен дәрігер бұл жағдайды жасырмай, полиция шақырып, түсініктеме берген және алған жарақаттарын тіркеу үшін медициналық тексеруден өткен.
Бұл ақпаратты Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
“Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Нәтижесіне қарай заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады”, – деді ведомство.