Жаңалықтар

Қазақстанның Азаматтық Альянсы мен Әділет министрлігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қазақстанның Азаматтық Альянсы мен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны – «Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты» өзара ынтымақтастық пен әрекеттестік туралы меморандумға қол қойды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

 

Меморандумның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңнаманы ашық талқылау үдерісіне азаматтық қоғам институттарының қатысуын қамтамасыз ету және мемлекеттік органдармен серіктестікті дамыту.

 

Тараптар заң жобаларын талқылау және оны іске асыру барысына азаматтық сектордың қатысуын кеңейтуге, құқықтық ақпаратқа қолжетімділікті арттыруға, сондай-ақ құқықтық ағарту саласындағы бірлескен іс-шараларды өткізуге уағдаласты.

 

Меморандум аясында құқықтық мәселелер бойынша сараптамалық кездесулер, дөңгелек үстелдер, ашық талқылау алаңдары, сондай-ақ аналитикалық және әдістемелік материалдарды әзірлеу жұмыстары жоспарлануда. Сонымен қатар құқықтық реформаларды зерттеу бойынша ғылыми жобаларды іске асыру көзделуде.

 

Кездесу қорытындысы бойынша алдағы кезеңге нақты іс-шаралар жоспары қабылданды. Атап айтқанда, азаматтық қоғам өкілдерінің заң шығару процесіне тұрақты қатысу тетіктерін жетілдіру, құқықтық реформалардың ашықтығын қамтамасыз ету және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты нығайту мәселелері қарастырылып отыр.

 

Қазақстанның Азаматтық Альянсы бұл меморандум азаматтардың құқық шығармашылығы саласындағы белсенділігіне, заң шығару процесінің ашықтығына және мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалогты дамытуға елеулі үлес қосады деген сенім білдіреді.

Барлық жаңалық