Қоғам

Қарапайым халық  800 млн теңгеден астам қаржыны қайтарып алды

2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында тұтынушылардың шағымдары бойынша жалпы сомасы 881,3 миллион теңгеден астам қаражат иелеріне қайтарылған. Халықтың тұтынушылық құқықты қорғауға деген қызығушылығы артып келе жатқандай.  Шағымдар көбіне сапасыз тауарлар мен уақтылы көрсетілмеген қызметтерге, сондай-ақ жылжымайтын мүлік мәселелеріне қатысты болған, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің дерегінше, ірі қалаларда орын алған бірқатар даулы жағдайлар сәтті шешімін тапқан. Мәселен, Алматы қаласында тұтынушы 215 млн теңгеге жылжымайтын мүлік сатып алғанымен, ол үшінші тұлғаға сатылып кеткен. Комитет араласқаннан кейін мәселе тұтынушы пайдасына шешілген. Ал Қарағанды облысында шарт талаптары бұзылып, 45 күннен астам уақыт бойы берілмеген пәтер бойынша тұтынушы 33,5 млн теңге тұратын үйге қол жеткізген.

Аймақтардағы басқа да мысалдардан құқықтық қорғаныс тетіктерінің нақты жұмыс істей бастағанын көруге болады. Семей қаласында қоғамдық тамақтану орны тапсырысты орындамай, тіпті тұтынушылар бұрышын орналастыру талабын елемеген. Осыған байланысты кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ақтөбе облысында туроператор қызметіне қатысты шағым бойынша тұтынушы 6,6 млн теңге өтемақы алған. 

Павлодар мен Жетісу облыстарында топтық негізде ондаған тұтынушының құқығы қорғалды. Атап айтқанда, 10,8 млн теңге тұратын косметика жиынтығы үшін рәсімделген несие мен 7,2 млн теңгеге жеткізілмеген смартфондар үшін қаражат толық қайтарылған.

Түркістан облысында Дубай қаласына орындалмаған тур үшін тұтынушы 1,2 млн теңге өтемақы алған. Ал Шымкент қаласында санитарлық талаптарға сай келмейтін фитнес қызметтері бойынша көрсетілген кемшіліктердің нәтижесінде тұтынушыларға өтемақы төленген.

Айта кетерлігі, азаматтар тек ірі көлемдегі дауларды емес, ең ұсақ құқықбұзушылықтарды да назардан тыс қалдырмайды. Мысалы, 700 теңге тұратын сапасыз ойыншыққа қатысты да өтемақы талап етіліп, тұтынушының құқығы қорғалған.

Барлық жаңалық