✅ Пайдалы

Пойызға кешіксеңіз, билеттің ақшасы қайтарылады

Пойызға кешігіп қалсаңыз, билет құны толық күйіп кетпейді. «Жолаушылар тасымалы» компаниясы мұндай жағдайда жолаушы билет ақшасын жартылай қайтарып ала алады деп хабарлайды, деп жазады Ozgeris.info.

Бірақ бұл үшін бір маңызды шарт бар, пойыз кеткен сәттен бастап бір сағаттың ішінде вокзал кассасына барып үлгеру қажет.

«Алдымен вокзалдағы билет кассасына бару керек. Билетті қайтару үшін жеке куәлік пен билет қажет. Билет құнын қайтару мөлшері мен мерзімі жолаушыларды, жүк пен багажды, сондай-ақ пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне сәйкес белгіленеді», дейді компания өкілдері.

Яғни, жолаушының өзімен бірге жеке куәлігі мен жол жүру билеті болуы тиіс. Кассир билет деректерін тексеріп, арнайы ережелерге сәйкес қайтаруға қанша қаражат тиесілі екенін анықтайды. Егер бір сағаттық шектеуден кешіксеңіз, өкінішке қарай, билет құны қайтарылмайды.

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда 1433 нөміріне қоңырау шалуға болады. Бұл – компанияның жолаушыларға арналған байланыс орталығы. Мұнда сіз билет қайтару тәртібі, құжаттар тізімі мен қайтарылатын сомаға қатысты нақты ақпарат ала аласыз.

Барлық жаңалық