Алматы қаласында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының базасында «Халықаралық қатынастар» зерттеу орталығының ресми ашылуы және «Орталық Азия мұраты» кітаптар сериясының таныстырылымы өтті. Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасы хабарлады.
Салтанатты шара 2026 жылғы 25 ақпанда отандық ғылымның көшбасшысы саналатын Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Жаңа орталық халықаралық қатынастар саласындағы зерттеулерді жүйелеуге, Орталық Азия бойынша сараптамалық талдауды дамытуға және өңірлік зияткерлік диалогты нығайтуға бағытталған.
Іс-шараға Академия басқармасының президенті Ахылбек Күрішбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдірашов, БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің Алматыдағы өкілдігінің жетекшісі Властимил Самек, сондай-ақ Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның дипломатиялық миссияларының өкілдері, халықаралық ұйымдар мен ғылыми қауымдастық мүшелері қатысты.
Ашылу аясында «Орталық Азия мұраты» атты ғылыми-талдамалық кітаптар топтамасы таныстырылды. Оның құрамына Думан Жекеновтің «Орталық Азия мұраты» монографиясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан бойынша жыл сайынғы аналитикалық жинақтар, сондай-ақ «Қытай – Орталық Азия: талдау және хроника» басылымы енді.
Жаңа еңбектер Орталық Азия өңіріндегі тарихи, геосаяси және заманауи үдерістерге кешенді ғылыми талдау жасап, стратегиялық шешімдер қабылдауға арналған тұрақты сараптамалық алаң қалыптастыруды көздейді.
Ахылбек Күрішбаев өз сөзінде зерттеу орталығының ашылуы мен кітаптар сериясының жарық көруі ғылыми дипломатияны дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қосылған маңызды үлес екенін атап өтті. Оның айтуынша, Академияның миссиясы – ғылымды елдің стратегиялық дамуына қызмет ететін зияткерлік ресурсқа айналдыру және жас ғалымдарды қолдау.
Ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс білдіріп, ғылыми байланыстарды одан әрі нығайту мен өңірлік және халықаралық деңгейдегі бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.