Кейінгі жылдары криптовалютаға қызығушылық артып келеді. Бірі оны инвестиция құралы ретінде қарастырса, енді бірі жаңа қаржы технологияларының негізі деп бағалайды. Алайда мамандар криптовалюта нарығына дайындықсыз кіру үлкен тәуекелге әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл салада табыс табудан бұрын оның жұмыс істеу қағидаларын түсініп алу маңызды. «Wise Invest Consulting» крипто компаниясының басшысы Темірлан Нұрахимов криптовалютаға инвестиция салмас бұрын қандай жайттарға назар аудару қажет екенін айтып берді, деп жазады Ozgeris.info.
Сарапшының пікірінше, криптовалюта нарығына қадам басқан адам ең алдымен білім алуы керек. Өйткені бұл дәстүрлі қаржы құралдарынан ерекшеленетін күрделі экожүйе.
«Криптовалютамен айналыспас бұрын ең бірінші қадам – білім алу. Себебі криптонарық басқа қаржы құралдарына ұқсамайды. Бұл жерде эмоциямен емес, ақылмен әрекет ету керек. Криптовалюта, блокчейн, токен, әмиян деген ұғымдарды анық түсінбей ақша салу сан соқтыруы мүмкін. Нарықтың логикасын, мүмкіндігін, тәуекелін білмей, дұрыс шешім қабылдау ақылға сыймайды. Ал білім алған адам өзін сенімді сезінеді әрі алаяқтарға алданбайды», дейді Темірлан Нұрахимов.
Оның айтуынша, криптовалюта нарығындағы ең үлкен қателіктің бірі – жылдам табысқа қызығып, жеткілікті ақпаратсыз инвестиция жасау. Әсіресе әлеуметтік желілердегі түрлі жарнамалар мен уәделерге сеніп, қаржы салатындар аз емес. Алайда мұндай әрекет қаржылық шығынға ұрындыруы мүмкін. Сарапшы криптовалюта операцияларын жүргізу кезінде лицензияланған платформаларды ғана пайдалануға кеңес береді.
«Елімізде криптоактивтермен заңды түрде тек Астана халықаралық қаржы орталығының лицензиясы бар биржалары арқылы сауда жасауға болады. Себебі рұқсатсыз сайттар мен әлсіз сервистерде тәуекел жоғары. Ұзақ мерзімге инвестиция жасайтын адамға жеке әмиян қолдануды жөн көремін. Ал қысқамерзімдік операцияларға биржа әмияны да жарайды. Әмиянның құпия сөздерін және қалпына келтіру сөздерін ешкімге беруге болмайды», дейді ол.
Кейінгі уақытта криптовалютаға қызығатын азаматтардың қатары көбейгенімен, маман бұл салаға үлкен қаражатпен бірден кіруге асықпау керектігін айтады.
«Криптоға ақша сала бастағанда бірден көп қаржы салудың қажеті жоқ. Мен әрқашан адамдарға аз сомамен бастауға кеңес беремін. Мысалы, 20 немесе 50 доллармен бастап көруге болады. Осылайша адам нарықтың қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көріп, алғашқы тәжірибесін жинайды. Жүйені түсінген сайын стратегия қалыптасады. Ең бастысы – эмоцияға берілмеу. Көпшілік криптоны жылдам пайда алатын құрал деп ойлайды. Бірақ шындығында бұл ұзақ ойлануды, сабырды және талдауды талап етеді», дейді сарапшы.
Криптовалюта нарығында қауіпсіздік мәселесі де ерекше маңызға ие. Өйткені цифрлық активтерге қатысты алаяқтық әрекеттер әлем бойынша жиі кездеседі.
«Қауіпсіздік мәселесін де ұмытпау керек. Әрқашан екі факторлы қорғауды қосу қажет. Сонымен қатар интернетте кездесетін күмәнді ұсыныстардан сақ болған жөн. "Тез байып кетесің", "жобаға қатыссаң ақшаң өседі" деген сөздерге сенбеу керек. Крипто әлемінде алаяқтар өте көп. Сондықтан тек сенімді ақпаратқа жүгінген жөн. Егер ресми платформа арқылы табыс тапсаңыз, салық төлеу міндетті екенін де есте ұстаған жөн», дейді Темірлан Нұрахимов.
Оның пікірінше, Қазақстан криптовалюта индустриясын дамытуда аймақтағы маңызды орталықтардың біріне айналуы мүмкін. Алайда бұл бағытта заң талаптарын сақтау және мемлекеттік бақылау негізгі рөл атқарады.
«Бұл салаға қызығып жүрсеңіз, әуелі осы қарапайым сатылардан өте беріңіз. Қазірден бастаған дұрыс. Себебі еліміз криптовалюта саласында аймақтық орталыққа айналады. Бірақ бұл тек реттелетін, заңға бағынатын, мемлекеттік бақылау аясында жұмыс істейтін экожүйе арқылы ғана іске асады. Біз еркін криптонарық құруға тырысып жатқан жоқпыз. Біздің бағытымыз тұрақты әрі қауіпсіз қаржы кеңістігін қалыптастыруға бағытталған», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, кейінгі жылдары Қазақстанда цифрлық активтер нарығын реттеу бағытында нақты қадамдар жасалып келеді.
«Кейінгі жылдары мемлекет криптоиндустрияны заңдастыру мен бақылауды күшейту бойынша нақты қадам жасап келеді. Астана халықаралық қаржы орталығы базасында реттелген алаң жұмыс істейді. Ұлттық Банк цифрлық активтер мен токенизация жобаларын сынақтан өткізіп жатыр. Бұл шетелдік капиталды, технология мен мамандарды тартуға мүмкіндік береді», дейді Темірлан Нұрахимов.
Сонымен қатар криптовалютаны күнделікті төлем құралы ретінде пайдалану мәселесі де кезең-кезеңімен дамып келеді. Сарапшы бұл бағытта алғашқы тәжірибелердің болғанын атап өтті.
«Бүгінде QR арқылы криптовалютамен төлем жасау бойынша алғашқы пилоттық жобалар өтті. Бұл технологиялық тұрғыдан дайын екенімізді көрсетті. Бірақ заң жүзінде мұндай төлемдер тек арнайы рұқсат етілген аймақтарда ғана жүзеге асырылады. Халықтың криптовалюта туралы білімі әлі де жеткіліксіз. Сондықтан оны жаппай қолдану үшін бірнеше шарт қажет. Біріншіден, стейблкоин тұрақты болуы керек. Екіншіден, криптовалюта мен теңге арасында ыңғайлы әрі жылдам айырбастау тетігі қажет. Үшіншіден, банктер мен бизнес тарапынан қолдау болуы тиіс», дейді ол.
Темірлан Нұрахимовтің айтуынша, бүгінде инвесторлар үшін ең үлкен қауіп криптовалютаның бағасы емес, құқықтық талаптар мен сенімсіз платформалар болып отыр.
«Бүгінде ең үлкен тәуекел бағаның құбылмалылығы емес. Ең басты қауіп – реттеушілік талаптардың өзгеруі және сенімсіз платформалар. Кейінгі уақытта заңсыз криптобиржалар мен рұқсатсыз P2P алаңдар жабылып жатыр. Қаражаты бұғатталған азаматтар да бар. Бұл бізге тек заңды, лицензиясы бар платформалармен жұмыс істеу керектігін көрсетеді. Сонымен қатар майнингке қатысты талаптар, электр энергиясының бағасы және салық нормалары да өзгеріп тұрады. Бұл нарыққа тікелей әсер етеді. Сондықтан кез келген инвестор бірінші кезекте қауіпсіз инфрақұрылымға назар аударуы керек», дейді сарапшы.
Маман криптовалютаға қызығатын азаматтарға ең алдымен қауіпсіздік пен заң талаптарын басшылыққа алуға кеңес береді.
«Тек заңды алаңда жұмыс істеңіз. Ақшаны белгісіз платформаларға сеніп бермеңіз. Қаржылық шешімді эмоциямен емес, ақпаратқа сүйеніп қабылдаңыз», деп түйіндеді Темірлан Нұрахимов.
Бүгінде криптовалюта әлемдік қаржы жүйесінің маңызды бөлігіне айналып келеді. Алайда бұл нарыққа табыс көзі ретінде ғана қарау жеткіліксіз. Сарапшылардың пікірінше, цифрлық активтермен жұмыс істеудің басты шарты – білім, қауіпсіздік және заң талаптарын сақтау. Сонда ғана жаңа қаржы технологияларының мүмкіндігін тиімді пайдалануға болады.