💰 Экономика

Жұмыс көп, бірақ жалақының қуаты төмендеп барады

Елімізде жұмыс істеп жүрген адамдардың саны артқанымен, олардың алатын табысы күшейген жоқ. Керісінше, инфляция қысымына шыдамай, нақты жалақы төмендеп отыр. Бұл еңбек нарығындағы жағдайдың сырттай жақсы көрінгенімен, ішкі мазмұнының әлсіз екенін көрсетеді, деп жазады Ozgeris.info.

Halyk finance дерегі 2025 жылдың қаңтар мен қыркүйек айларында ресми жұмыссыздықтың 4,6% болғанын айтады. Жұмыссыздардың жалпы саны 448,6 мың адамға жеткен. Солардың ішінде ең көп үлесті 35 пен 44 жас аралығындағы азаматтар алып отыр. Бұл топта 151 мың адам бар. Барлық жұмыссыздың 1/3 бөлігі. Бұл көрсеткіш елдің еңбекке ең қабілетті бөлігіне салмақ түсіп тұрғанын аңғартады.

Бос жұмыс орнының саны 63,9 мың ғана. Демек жұмыссыздар осы бос орыннан 7 есе көп. Мұның өзі еңбек нарығының сұраныс пен ұсынысты тең ұстай алмай отырғанын көрсетеді. Кәсіпорындарда орын аз, ал жұмыс іздегендер көп. Бір қарағанда қарапайым сандар ғана сияқты. Бірақ бұл сандар көптеген отбасының күнделікті жағдайына тікелей әсер етеді.

Ұлттық статистика бюросы жұмыспен қамтылғандар санының осы жылы 96,3 мың адамға артқанын хабарлады. Алайда бұл өсімнің негізгі бөлігі жалдамалы қызметкерлер есебінен болған. Бүгінде елде 7,2 миллион адам жалдамалы қызметкер санатында. Бұл барлық жұмыс істейтіндердің 76,7%. Қалған бөлігі өзін өзі жұмыспен қамтып жүргендер. Олардың саны 2,2 миллион. Яғни, әр 4-ші адам еңбек шартысыз жұмыс істейді. Бұл олардың әлеуметтік кепілдіктерден тыс қалғанын көрсетеді және табыстың тұрақсыз болуы мүмкін.

Жалақыға келсек, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша орташа номиналды жалақы 433 312 теңге болды. Сырттай қарағанда жақсы өсім. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 10,6% жоғары. Бірақ инфляцияның қыркүйектегі деңгейі 12,9% болғандықтан, нақты жалақы 0,4% төмендеп кеткен. Бұл адамдардың табысы өсіп жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде олардың күнделікті мүмкіндігін кеңейтпейтінін білдіреді. Ел азаматтары әртүрлі салада еңбек етіп жүр. Сауда саласында 17% жұмыс істейді. Білім беру саласының үлесі 13,1%. Өнеркәсіп 12,3%. Ауыл шаруашылығында 10,8% адам еңбек етеді. Бұл көрсеткіштер ел экономикасының қандай бағыттарға сүйеніп тұрғанын көрсетеді.

Еңбек нарығы елдің экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Сол себепті сарапшылардың айтуынша, «өсім тек санға емес, сапаға әсер етуі тиіс». Жұмыс орындары көбейгенімен, оның сапасы мен еңбеккердің табысы халықтың тұрмысын жақсартпаса, статистика қанша әдемі болса да, нәтиже болмайды.

Барлық жаңалық