Жаз мезгілі басталысымен ел ішінде демалысқа шығатындар көбейеді. Әсіресе мектеп каникулы мен еңбек демалысы тұспа-тұс келген шақта пойыз бен ұшақ билеттеріне сұраныс артады. Осыған байланысты Көлік министрлігі биыл жазғы маусымда туристік бағыттарға қатынайтын пойыздар мен әуе рейстерінің санын көбейтпек, деп жазады Ozgeris.info.
Ведомствоның мәліметінше, қосымша рейстер ашылып, жүздеген мың жаңа орын қолжетімді болады. Оның ішінде Балқаш, Алакөл маңы, Үржар мен Үшарал бағыттарына қатынайтын әуе билеттерінің бағасы 16-20 мың теңге көлемінде сақталады.
Жазғы демалыс кезеңінде халық ең көп баратын бағыттардың қатарында Балқаш көлі мен Алакөл аймағы бар. Соңғы жылдары бұл өңірлерге баратын жолаушылар саны бірнеше есе өскен. Әсіресе өзге мемлекеттерге шықпай-ақ, ел ішінде демалуды жөн көретін азаматтардың қатары көбейген. Осыған байланысты биыл көлік қатынасын күшейтуге ерекше назар аударылып отыр.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, 2026 жылдың жазғы маусымында 15 қосымша теміржол маршруты ұйымдастырылады. Қосымша пойыздар 16 маусымнан бастап қатынай бастайды. Жаңа бағыттар Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодар қалаларын туристік аймақтармен байланыстырады.
Әсіресе Достық және Балқаш бағыттарына сұраныс жоғары болады деп күтіліп отыр. Министрлік өкілдерінің айтуынша, осы шаралардың нәтижесінде жазғы кезеңде шамамен 550 мың қосымша орын ашылады. Бұл демалыс маусымында билет тапшылығын азайтып, халыққа сапарды алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар пойыз құрамдары да ұлғайтылады. Егер маусымаралық кезеңде құрамда орта есеппен 13-15 вагон болса, жаз кезінде олардың саны 19-21 вагонға дейін жеткізіледі. Бұл әсіресе балаларымен бірге жолға шығатын отбасылар үшін маңызды.
Бұдан бөлек, 1 маусымнан бастап Қарағанды – Балқаш бағыты бойынша №219/220 жолаушылар пойызы іске қосылады. Балқаш жағалауына баратын тұрғындар үшін бұл бағыттың ашылуы демалыс орындарына жетуді әлдеқайда жеңілдетпек.
Жазғы маусымда тек теміржол қатынасы емес, әуе рейстері де көбейеді. Маусым-тамыз айлары аралығында Астана – Балқаш, Үржар, Үшарал және Алматы – Балқаш, Үржар, Үшарал бағыттары бойынша аптасына жеті рейске дейін қосымша ұшақ қатынайды.
Министрлік бұл бағыттардағы әуе билеттерінің бағасы әлеуметтік қолжетімді деңгейде сақталатынын атап өтті. Яғни билет құны 16 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болады. Бұл әсіресе бірнеше баламен демалысқа шығатын отбасылар үшін маңызды шешім болып отыр. Себебі соңғы жылдары ішкі рейстер бағасының қымбаттығы жиі сынға ұшыраған еді.
Қазір Қазақстанда аптасына 813 рейс орындалады. Ел ішінде 60 ішкі әуе бағыты тұрақты жұмыс істейді. Оның бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Биыл осы мақсатқа 6,4 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаржы арқылы 24 бағыт, оның ішінде 16 туристік маршрут қолдау табады.
Соңғы жылдары мемлекет ішкі туризмді дамытуға басымдық бере бастады. Балқаш, Алакөл, Бурабай, Түркістан секілді бағыттарда туристік инфрақұрылым жаңарып жатыр. Алайда мамандар туризмді дамыту тек демалыс орындарын салумен шектелмейтінін айтады.