Жаңалықтар

«Жалған нөмір, қарсы жолақ»: Алматыда жүргізушілер жаппай ұсталды

«Жалған нөмір, қарсы жолақ»: Алматыда жүргізушілер жаппай ұсталды

Алматы қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту мақсатында «Stop-нарушения» атты жедел-профилактикалық іс-шара өтті. Бұл туралы ІІМ-нің Polisia.kz медиапорталы хабарлады деп жазды ozgeris.info сайты.

Шараның негізгі мақсаты — жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің тәртібін арттыру.

Екі күн ішінде полиция қызметкерлері 4 828 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтаған. Іс-шара барысында адам өміріне қауіп төндіретін өрескел заңбұзушылықтарға ерекше назар аударылған.

Атап айтқанда, 44 жағдайда көлік құралын басқару құқығы жоқ адамдардың көлік жүргізгені анықталса, тағы 8 деректе жүргізуші бұрын құқығынан айырылғанына қарамастан рульге отырған. Сонымен қатар жалған мемлекеттік нөмір таққан 8 жағдай және қарсы бағытқа шығудың 15 фактісі тіркелген.

Тексеру нәтижесінде екі күн ішінде 2 мыңнан астам автокөлік айыптұраққа қойылған. Олардың қатарында шетелдік тіркеудегі көліктер де бар.

Полиция департаментінің мәліметінше, қалада бақылау шаралары күшейтілген режимде жалғасуда. Бұл ретте қосымша күштер тартылып, негізгі жол тораптарында сүзгі бекеттері ұйымдастырылған.

Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Абдинұр Тасыбаевтың айтуынша, мұндай іс-шаралардың басты мақсаты — тек құқықбұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар жол апаттарының алдын алу.

Ол полицияның басты назарында жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу және жалған нөмір қолдану секілді қауіпті әрекеттер тұрғанын атап өтті.

Құзырлы орган өкілдері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде профилактика мен жазаның бұлтартпастығы негізгі құрал болып қала беретінін еске салды.

Барлық жаңалық