✅ Пайдалы

Биыл пітір садақасы қанша болады?

Биыл пітір садақасы қанша болады?

Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы пітір садақасының мөлшерін жариялады. Ең төменгі есеп – 735 теңге, деп жазады Ozgeris.info.

ҚМДБ пітір көлемін ел бойынша 2 кг ұнның орташа нарықтық бағасына сүйеніп анықтаған. Ұн құны өңірлердегі өкілдіктер ұсынған мәліметтер негізінде есептелген. Басқарма пітірді тек ұн бағасымен емес, басқа да азық-түлік баламасымен беруге болатынын ескертті.

2026 жылға бекітілген мөлшерлер:
– 2 кг бидай – 318 теңге
– 2 кг ұн – 735 теңге
– 4 кг арпа – 514 теңге
– 2 кг мейіз – 6400 теңге
– 4 кг құрма – 12400 теңге

Діни басқарма өкілдерінің түсіндіруінше, қазіргі таңда бидайдың өзі емес, одан дайындалған өнімдер – ұн, талқан күнделікті тұтынуда кең таралған. Сол себепті пітір мөлшері ұнмен есептеледі. Шариғат талаптарына сай бидаймен қатар оның өнімдері арқылы да пітір беруге болады.

Пітір садақасын беру уақыты – айттың бірінші күні. Алайда оны Рамазан басталған күннен бастап беруге рұқсат. Егер уақытында үлгермеген жағдайда айт намазынан кейін де өтеуге болады. Дегенмен айт намазына дейін беру – абзал іс.

ҚМДБ жағдайы бар азаматтарға пітірді жоғарырақ өлшеммен беруді құп көреді. Яғни 2 кг мейіз құнымен – 6400 теңге немесе 4 кг құрма құнымен – 12400 теңге көлемінде садақа жасауға болады.

Ал пидия мөлшері бір адамның бір күнгі – таңғы және кешкі – тойымды асына тең. Биыл бұл сома 4000 теңге болып бекітілді. Егер адам толық көлемде бере алмаса, оразаның әр күніне пітір садақасының мөлшерін беруіне мүмкіндік бар.

Барлық жаңалық