Абай облысының Үржар ауданында болған жол апатынан зардап шеккен екі баланың өміріне қазір ешқандай қауіп жоқ. Бұл туралы Астана қаласының №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аурухана директоры Гүлнар Құлушеваның айтуынша, балалар ауыр халде санитарлық авиация арқылы елордаға жеткізілген.
Біздің дәрігерлер тобы күрделі операциялар жасап, толыққанды ем жүргізді. Кәсібиліктің арқасында балалардың өмірін аман алып қалу мүмкін болды, – деді ол.
Құлушеваның мәліметінше, бүгін бүлдіршіндер үйлеріне шығарылды.
Ата-аналары балаларының қайтадан күлімдегенін көргенде, ақ халатты жандарға шын жүректен алғыстарын білдірді. Ең бастысы – балалардың өміріне еш қауіп жоқ. Алдағы оңалтулары жеңіл өтіп, денсаулық пен бақытты балалық шақ тілейміз, – деді аурухана басшысы.