Қоғам

Асхат Аймағамбетов қазақстандықтардың көпшілігі білмейтін құқықты атады

Асхат Аймағамбетов қазақстандықтардың көпшілігі білмейтін құқықты атады

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов азаматтардың скринингтен өтуі үшін жылына үш жұмыс күніне дейін әлеуметтік демалыс алуға құқығы бар екенін тағы да еске салды, деп хабарлайды ozgeris.info.

Депутаттың айтуынша, бұл норма туралы көп адам біле бермейді. Алайда ол Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде нақты көрсетілген.

«Көпшілік бұл құқықтан хабарсыз. Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес, скринингтен өту үшін арнайы әлеуметтік демалыс қарастырылған. Жұмыс беруші жылына 3 жұмыс күніне дейін осындай демалыс беруге міндетті. Скринингтен өтіңіздер және өз құқықтарыңызды пайдаланыңыздар», – деп жазды Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес, қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан бөлек, әлеуметтік демалыстар да беріледі. Олар ана болуға, бала күтіміне, оқуға, сондай-ақ басқа да әлеуметтік мақсаттарға байланысты көзделген.

Депутаттың сөзінше, әлеуметтік демалыстың бірнеше түрі бар. Олардың қатарында жалақысы сақталмайтын демалыс, оқу демалысы, жүктілік пен босануға байланысты демалыс, сондай-ақ баланың үш жасына дейін оны күтуге арналған демалыс бар.

Сонымен қатар, заңнамада скринингтік медициналық тексеруден өту үшін жылына үш жұмыс күнінен аспайтын демалыс беру қарастырылған. Бұдан бөлек, жүктілікті 12 аптаға дейін медициналық есепке қою үшін де кемінде үш жұмыс күні көлемінде демалыс беріледі.

Барлық жаңалық